Киім, аяқ киім, галантерея өнімдерін өндіру үшін шағын және орта бизнес кәсіпорындарын отандық шикізатпен толық қамтамасыз ету қажет.
ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың төрағалығымен былғары кәсіпорындарын қолдауға арналған ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.
Отырыста Қазақстан Республикасының аумағынан өңделмеген ірі қара мал терілерінің экспортына тыйым салуды енгізуді қарастыратын сыртқы сауда саясаты мәселелері мен халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жайы қаралды.
Бұдан бұрын отандық былғары кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, жүктемелерін көбейту мақсатында Инвестициялар және даму министрлігінің 2016 жылдың қарашасынан 2017 жылдың сәуір айына дейін Қазақстан Республикасынан тысқары жерге өңделмеген ірі қара мал терісін шығармау жөніндегі бұйрығы шыққан болатын. Бұл нақты кәсіпорындардың оң нәтижелерін көрсетті.
Шектеу қойылған уақытта былғары кәсіпорындарының қызметі қалпына келе бастады. Өндіріс қуаты мен аталмыш саланың отандық өндірістегі тиімділігі артты. Қазақстандық кәсіпорындар ірі қара мал терісін өңдегенде мынадай өнімдер шығарады: жартылай былғары фабрикаты (wet blue, боялған былғары қабаты) және дайын өнім (былғары аяқ киім, жиһаз, киім, галантерея, ер-тұрман).
Айта кету керек, соңғы жылдары дайын былғары өндірісін ұлғайту үрдісі байқалды. Осылайша 2015 жылмен салыстырғанда дайын былғары өндірісі 4,1 есеге ұлғайып, 2017 жылы 15,5 млн. шаршы дициметрді құрады.
Мұндай оң динамика экспортта да байқалып отыр. Яғни 2017 жылы иленген тері экспортының көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 91%-ға артып, 164,9 мың тоннадан ($ 506,7 мың) 315,8 тоннаға ($ 803,3 мың) дейін өсті. Иленген терілердің орташа экспорттық бағасы жартылай фабрикаттар бағасынан 4 есе жоғары.
Дайын өнімнің негізгі тұтынушылары Қазақстанның аяқ киім, тігін фабрикалары, ателье, былғары-галантерея, ер-тұрман цехтары және Ресей мен Түркияның аяқ киім фабрикалары. Былғары жартылай фабрикатын өткізу нарығы - Италия, Түркия, Үндістан, Қытай, Ресей, Испания, Португалия.
«Киім, аяқ киім, галантерея өнімдерін өндіру үшін шағын және орта бизнес кәсіпорындарын отандық шикізатпен толық қамтамасыз ету қажет. Сонда қазақстандық өнімдер импорттық өнімдермен бәсекелесе алатын болады. Сондай-ақ, бұл болашақта отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін береді, - делінген министрлік таратқан хабарламада.