Қазақстанда өндірілетін құрылыс материалдары Ашхабадтағы көрмеде таныстырылды

0
2 121

«Түрікмен құрылысы - 2018» халықаралық көрмесіне әлемнің бірнеше елдерінен 130-дан астам компания қатысты


Қазақстанда өндірілетін құрылыс материалдары Ашхабадтағы көрмеде таныстырылды

фото: ҚазАқпарат.

ERNUR.KZ. Бес қазақстандық өндіруші «Түрікмен құрылысы - 2018» халықаралық көрмесінде құрғақ құрылыс қоспаларын, рельс-арқалық, терезе фурнитураларын, бояулар мен шыны пакеттерін жұрт назарына қойды. Ашхабадтағы көрмеде отандық стендіні Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Көрменің негізгі мақсаты - заманауи технологияларды, жобаларды және бәсекеге қабілетті өнімдерді паш ету, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инновациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасу, тауар өндірушілер және тұтынушылар арасындағы байланыстарды жолға қою.

«Түрікмен құрылысы - 2018» халықаралық көрмесіне әлемнің 14 елінен - Қытай, Ресей, Германия, Испания, БАӘ, Австрия, Франция, Грекия, Финляндия, Польша, Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Украинадан 130-дан астам компания қатысты.

Көрме қорытындысы бойынша «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС Түрікменстан Республикасының Теміржол көлігі министрі Азат Атамұрадовпен келіссөздер жүргізіп, оның барысында Түрікменстан темір жолдарын алдағы үш жылда жаңғырту жоспарлары жария етілді. Осы кездесу қорытындысы бойынша, АРАЗ 39 мың тонна көлеміндегі теміржол рельсін жеткізіп беру туралы келісімшартқа қол қою мәселесін қарастыруда. Қазақстандық тарап түрікмен кәсіпкерлерімен келіссөздер барысында жалпы сомасы 30 мың АҚШ долларына «Elif Chemicals» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын жеткізіп беру шартына қол қойды.