​Қазақстанда өткен жылға қарағанда 10 мың көлік артық өндірілді

0
1 242

Отандық автоөндірушілер қазан айында 3 188 әртүрлі маркадағы автокөлік мен техниканы сатуға шығарған.


​Қазақстанда өткен жылға қарағанда 10 мың көлік артық өндірілді

ERNUR.KZ. Қазақстанда отандық өндірістегі автокөліктерге деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр, деп жазады ҚазАқпарат Қазақстандық автобизнес қауымдастығына (ҚАБҚ) сілтеме жасап.

Қауымдастықтың мәліметінше, отандық автоөндірушілер қазан айында 3 188 әртүрлі маркадағы автокөлік мен техниканы сатуға шығарған. Бұл көрсеткіш - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.

«2018 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда барлық типтегі 25 879 көлік (өткен жылдың он айында 15 051) өндірілді. Дәстүрлі түрде өсімді жеңіл автокөліктер көрсетсе (24 115, өсім 86 пайыз), олармен бірге 10 айдың ішінде 882 ауыр жүк көлігі (-21 пайыз), 448 тіркеме мен жартылай тіркеме (+106 пайыз), 249 автобус (-54 пайыз) пен 163 арнайы техника түрі (-13 пайыз) өндірілген», - делінген хабарламада.

Алдына ала беріліп отырған ақпаратқа сәйкес, қостанайлық «СарыаркаАвтоПром» 10 айдың ішінде 9 321 жеңіл автокөлік, ауыр жүк көлігі мен автобус құрастырып, 132 пайыздық өсімге қол жеткізген. Ал Өскемендегі «Азия Авто» кәсіпорнында қаңтар-қазан айларында 15 012 авто (+60 пайыз) құрастырылған. Сонымен бірге Көкшетаудағы «КаМАЗ Инжиниринг» 440 жүк көлігін, семейлік СемАЗ 271 жүк көлігін, алматылық HyundaiTrans Auto 194 техника, ал Daewoo Bus - 117 автобус шығарған.

«Брендтер тұрғысынан Hyundai айтарлықтай өсімді көрсетті. Аталмыш марка бойынша «СарыаркаАвтоПром» кәсіпорнында 6 972 автокөлік құрастырылып, өткен жылғыдан қарағанда 5 есе көп өсімге қол жеткізілген. Сондай-ақ, Kia (2 526) көліктерінің өндірісі 3 есеге артып, қостанайлық JAC маркалы көліктер де (1 144 авто) екі есе көп шығарылған. Chevrolet маркалы көліктер де екі есе көп құрастырылса, (2017 жылы - 481, 2018 жылы 1050), «Азия Авто» шығаратын Lada 11 244 данаға жетіп 35 пайызға өскен», - делінген хабарламада.