Қазақстанда шілде айында рекордтық деңгейде ыстық ауа райы тіркелді

0
820

Рекордтық ыстық күндер Қазақстанның орталығы мен шығысында байқалды.


Қазақстанда шілде айында рекордтық деңгейде ыстық ауа райы тіркелді

ERNUR.KZ. 2020 жылдың шілде айында Қазақстанның батыс жартысында күн ыстық болды, ауа температурасы нормадан 1-4°С жоғары тіркелген, деп хабарлайды Хабар24.

Ал республиканың шығыс жартысында температуралық фон климаттық норма шамасында болған, деп хабарлады Қазгидромет.


«Айдың ортасында Жерорта теңізі аудандарынан жылы ауа массаларының шығуымен бүкіл Қазақстан бойынша жауын-шашынсыз ыстық ауа райы байқалды. Жекелеген күндері еліміздің батысында қатты және өте қатты ыстық байқалды, осылайша, көпжылдық максимумдар жабылды. Мысалы Ақтау мен Атырауда 12 шілде 40,6 және 41,3 °С, Ақтөбеде 13 шілде 40,6°С, Оралда 14 шілде 40,8° С температура тіркелді», - делінген хабарламада.


Сондай-ақ рекордтық ыстық күндер Қазақстанның орталығы мен шығысында байқалды. Жезқазғанда 18 шілде 39,1°С, Өскеменде 17 шілде 37,4°С.


«Жауын-шашын бойынша шілде айында республиканың оңтүстік-батыс жартысында нормадан аз, Қазақстанның солтүстік-шығыс жартысында нормаға жуық, Қазақстанның солтүстігі, орталығы мен шығысының жекелеген аудандарында нормадан 1-3 есе көп болды. Мысалы, жекелеген күндері тәулік ішінде түскен жауын-шашын мөлшері бір айлық норманы құрады. 3 шілдеде Ақмола облысында Балкашино метеостанциясында айлық норма 60 мм болғанда 49 мм түсті. 10 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында Семиярка метеостанциясында айлық норма 38 мм болғанда 37 мм түсті», - деп хабарлады Қазгидромет.