Қазақстанда суармалы су тарифі қымбаттайды

0
717

Сенатор диқандардың суды пайдалануда ысырапқа жол беріп отырғанын айтты.


Қазақстанда суармалы су тарифі қымбаттайды

ERNUR.KZ. Оңтүстікте су тарифінің құны тым арзан. Ал егістікке пайдаланатын тіршілік көзінің көлемі үлкен. Бұл туралы депутат Мұрат Бақтиярұлы Сенатта өткен Үкімет сағатында айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Депутат Қызылорда өңіріндегі су тапшылығын алға тартып, диқандардың суды пайдалануда ысырапқа жол беріп отырғанын айтты.

«Биыл Сырдария өзені су тапшылығына қатты ұшырады. Бір гектар жерге күріш өсіру үшін 24 мың текше метр су керек. Қызылорда облысында жылына 90 мың гектар аумаққа күріш егіледі. Есептеңіз, 3 млрд текше метрге дейінгі су егіс алқабында жатады. Оның бір бөлігі ғана Сырдарияға құйылып, қалғаны сіңіп кетеді. Осыған байланысты министрлікке сұрағым бар. Жалпы, суды пайдалануда ысырапшылдық өте көп. Судың тарифі (суармалы – авт.) қазір бір текше метріне бар болғаны, 24 теңге. Тарифті көтермесе болмайды. Осыған байланысты министрліктің позициясы қандай?», - деді депутат Экология министріне жүгініп.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жыл соңына дейін аграрлық бағытта аталған мәселеге қатысты өзгеріс болатынын хабарлады.

«Бұл өзекті мәселе. Қазір мемлекеттік кәсіпорынның шығыны көп. Судың ысырап болып жатқанын ескерген жөн. Сондықтан, судың тарифін көбейту керек. Бұл мәселені мен Мемлекет басшысына да баяндадым. Нақты тапсырма алдық. Жыл соңына дейін агрокешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгіземіз. Сол өзгерістер енгізілгеннен кейін судың тарифі өседі», - деді министр Мағзұм Мырзағалиев.