Қазақстанда техника мен электронды тауарлардың бағасы көтерілуде

0
971

Саудагерлер екі ел арасындағы шекара ашылмаса, тауар тапшылығы сезілуі мүмкін екенін айтады.


Қазақстанда техника мен электронды тауарлардың бағасы көтерілуде

ERNUR.KZ. Қытайлық коронавирус базардағы бағаға да әсер ете бастады. Алматының танымал барахолкасындағы қытай тауарлары қазірдің өзінде 20 пайызға қымбаттаған, деп жазады Stan.kz.

Әсіресе электроника, тұрмыстық техника мен көрші елден келетін азық-түлік түрлерінің бағасы күрт көтерілген. Саудагерлердің сөздерінше, екі ел арасындағы шекара ашылмаса, тауар тапшылығы сезілуі де мүмкін екен. Алайда еліміздің Сауда министрі мұны қытайлық індетке еш қатысы жоқ, осы жағдайды алыпсатарлардың қарбаласты пайдаланғысы келіп жасаған әрекеті деп түсіндірді,

Алматының барахолкасында адам үнемі қаптап жүреді: сатылатын тауар да, оны алушы да көп. Заттардың басым бөлігі Қытайда өндірілетіндігі бәріне де аян. Арзан техника іздеген жұрт бірден осы басарға бет бұратын. Алайда соңғы айдың ішінде тауарлардың бағасы қымбаттап кетіпті. Өйткені сатушылар да екі ел арасындағы шекара жабылғанын пайдаланып қалғылары келеді екен.

"Тұрмыстық техника тапшылығы сезіле бастады. Әсіресе шаңсорғыш, нан пісіретін пештер таусылды. Шекара жабық. Сондықтан Қытайдан тауар әкеле алмай отырмыз. Оның үстіне баға да 20 пайызға қымбаттап кетті. Суықта тоңып тұрғанымызбен сауда жоқ", - саудагер Малик Бисвас.

Тұрмыстық техника, электроникадан бөлек Қытайдан келетін көкөніс пен жеміс-жидектер де қымбаттаған. Көрші елдегі коронавирус мәселесі шешілмесе, базардағы баға тіпті шарықтап кетуі мүмкін. Көптеген сатушылар жаңа жылдың алдында қоймаларын толтырып үлгерген. Дегенмен ол тауарлар таусылатын болса, көптеген сауда нүктелері жабылып та қалуы мүмкін.

"Бәрі қымбат. Күнде қымбаттайды. Бүгін келеміз аламыз, Ертең келсе, тағы қымбат. Неге? Бұрын доллар өсті дейтін. Қазір доллар өсіп жатқан. Жоқ. Бәрібір қымбат", - деді қала тұрғыны.

Базардағы бағаның қымбаттағанын Сауда және интеграция министрі растады. Бірақ Бақыт Сұлтанов бұл қарбаласты пайдаланып қалғысы келетін кәсіпкерлердің қитұрқы әрекеті деп отыр. Айтуынша, екі ел арасындағы шекара тек жолаушылар үшін жабылған. Тауар тиеген көліктер емін-еркін шекарадан өтіп жүр екен. Сондықтан министр бағаны аспандатып жібергендерді анықтап, «жауапқа тартамыз» дейді.

"Коронавирус адамдардың ары-бері жүруіне ғана қатысты. Сондықтан тауарды көтеруге себеп жоқ. Осындай себептермен сатушылар бағаларын көтеріп отырса, ол ақпаратты бізге беру қажет", - ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ шенеунік базардағы баға саясатын реттеуге жедел желі іске қосылғанын да мәлімдеді. Бұған қарапайым тұрғындар да қатыса алады. Егер сіз азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлардың әдеттегіден қымбатқа сатылып жатқанын байқасаңыз, бірден қоңырау шалып, шағым айта алады екенсіз. Ондай ақшаға құныққан кәсіпкерлерді бірден монополияға қарсы және салық қызметкерлері тексеріп, шара қолданады. Алайда ненің қымбат, ненің арзан екенін бағамдауға күн сайын базар аралау қажеттігі тағы бар.