Қазақстанда тоғызқұмалақ ойынының атауы өзгермейтін болды

0
494

Қазақ халқына тиесілі мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ атауын өзгерту федерацияның да, басқа ұйымдардың да құзыретіне кірмейді.


Қазақстанда тоғызқұмалақ ойынының атауы өзгермейтін болды

ERNUR.KZ. Мұның алдында бір топ депутат тоғызқұмалақ ойынының атауын өзгертуді ұсынып, Үкіметке сауал жолдаған еді. Вице-премьер Тамара Дүйсенова бұл ұсынысты орынсыз деп санайтынын білдірген, деп жазады ulysmedia.kz.

Дүйсенова не дейді

Тамара Дүйсенова халықтың жадында, сондай-ақ А. Краснов, Н. Пантусов, Б. Куфтин, Р. Карутц, М. Балақаев, Ә. Ақшораев, С. Аманжолов, С. Тілеубаев пен басқа да көптеген ғалымдардың еңбектерінде және М. Әуезовтың шығармаларында ойын «тоғызқұмалақ» деп аталатынын еске салады. Оған қоса, қазақ халқына тиесілі мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ атауын өзгерту федерацияның да, басқа ұйымдардың да құзыретіне кірмейді.

– Ұлттың мәдени мұрасы саналатын мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойынының атауын өз қалпында қалдырғанды жөн деп санаймыз, - делінген жауапта.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

2024 жылдың қыркүйегінде Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған жүзден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. 2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен еді.

2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылған. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі, тарихи көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септесіп, аралас-құраластығын арттырады. Оның спорт бағдарламалары – түркі жұртының ортақ тарихы мен мәдениетін біріктіретін көшпелі халықтардың ұлттық ойындарына негізделген. Бесінші көшпенділер ойынында спорттың 20 түрінен жарыс және 10 көрнекі спорт сайысын өткізу жоспарланған.