​Қазақстанда ұрлықты қайта жасағандарға жаза қатаятын болады

0
1 566

Кінәлі 12 жылға дейін сотталуы ықтимал


​Қазақстанда ұрлықты қайта жасағандарға жаза қатаятын болады

ERNUR.KZ. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов елімізде жалпы ұрлық жағдайлары және мал ұрлаушылармен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Елімізде жыл басынан бері ұрлық қылмысына байланысты 36 мың адам ұсталды. Оның 1705-і мал ұрлығы бойынша құқық қорғау органдарына түскен. Ұрлық жасағандардың шамамен 40 пайызы бұрын да осы қылмыс бойынша ұсталған адамдар. Яғни, 17 мыңға тарта адам бұрын да ұрлық бабымен сотталғандар. Мал ұрлығы бойынша полицияның есебінде 2,8 мың адам тұр. Жыл басынан бері ұрлық қылмысымен 3,5 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 648-і мал ұрлығына байланысты сотталды», - деді вице-министр Парламент Сенатынада өткен дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, ТМД елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қайталанған ұрлықтарға жазаны күшейту, мал ұрлығына жеке бап тағайындау аталмыш мәселені шешудің бір тетігі болып есептеледі.

«Мәселен, көршілес Өзбекстан елінде қайталанған ұрлық қылмысы ауыр қылмыстардың санатына жатады. Тіпті ол елде қайта ұрлық жасағандар 8 жылдан 15 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін. Героин өндіргені үшін бізде жауапкершілік қатая түскен. Мәселен, 1 грамм героинмен ұсталудың өзі ауыр қылмысқа жатып, кінәлі 12 жылға дейін сотталуы ықтимал», - дейді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов.

Вице-министр өз сөзінде атап өткендей, ІІМ қазіргі заңнамаға ұрлықтың қайта жасалу жағдайына қатысты өзгерістер енгізгелі жатқанын айтып берді.

«Қайталанған ұрлықты ауыр қылмыстардың санатына жатқызу туралы өзгеріс енгізу ұсынылады. Бұл өзгерістер барлық ұрлық түрі бойынша көрсеткішті жақсартуға көмек болар еді. Бұл жерде мүлік иелерінің құқығын қорғауды күшейту мәселелері қамтылған. Қазір заң обасы Парламент Мәжілісінің қарауында», - дейді ол.