Қазақстан ішінде ұшатын шетелдік әуекомпанияларды тарту бағытында жұмыс жүріп жатыр.
ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев отандық әуе қатынасына қатысты түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жалпы монополия деу дұрыс емес түсінік. Бүкіл ішкі әуе тасымалының 70% Air Astana және Fly Arystan жүзеге асыратынын түсінемін, бірақ бізде open sky. Яғни, кез келген әуе тасымалдаушы біздің аумаққа келіп, жұмыс істей алады. Ешқандай шектеу жоқ. Әуе жүк тасымалына қатысты жұмыс басталды, жаңа авиатасымалдаушымен келіссөз жүріп жатыр», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына.
Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан ішінде ұшатын шетелдік әуекомпанияларды тарту бағытында жұмыс жүріп жатыр.
«Бізде ең басты мәселе - авиаотынмен қамтамасыз ету. Жалпы алғанда, тасымалды жүзеге асыру үшін 1,3 млн литр авиаотын керек. Біздің мұнай зауыттарының мүмкіндігі 700 мыңнан 1 млн-ға дейін. Әуе қатынасының санын ұлғайтып, жалпы авиакомпанияларды тартуға болады. Басты мәселе - оларды авиаотынмен қамтамасыз ету. Осы орайда импорттау мәселесі пысықталып жатыр», - дейді ол.
Сонымен қатар М. Қарабаев «елімізде жаңа әуекомпания пайда болуы мүмкін бе?» деген сауалға пікір білдірді.
«Қазір біз басқа да компанияларды тарту үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деп қысқа қайырды.