Депутаттар еңбек қатынастары мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулерді екінші оқылымда қарады.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары отбасында науқас адам бар қызметкерлер үшін ерекше жұмыс кестесін қарастыратын түзетулерді мақұлдады, деп жазады sputniknews.kz.
Жаңашылдық еңбек мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін өзгерістер жобасында қарастырылған. Құжат еңбек қатынастары, әлеуметтік серіктестік, қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелерін қамтиды.
Депутат Жанат Омарбекова заң жобасы бойынша сөйлеген сөзінде қызметкерлерді еңбек жағдайында кемсіту фактілерін болдырмау мақсатында Еңбек кодексінде қызметкердің лайықты еңбек және тұрмыс жағдайына құқық алуы туралы ереже орнату ұсынылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, депутаттар әкімшілік заңнамаға жұмыс берушілерді жұмыс аясында кемсітушілік фактілеріне жол бергені үшін жауапкершілікке тартуға негіз енгізуді ұсынды.
Депутаттардың науқас туысына күтім жасайтын қазақстандықтардың жұмыс уақытын өзгерту туралы ұсынысы жеке бастама болды.
"Науқас отбасы мүшелеріне күтім жасайтын қызметкерлерге толық емес жұмыс уақыты режиміне құқық беру ұсынылады. Бұл шара қызметкерлерге жұмысты жеке және отбасылық қажеттіліктермен, міндеттемелермен үйлестіруге мүмкіндік береді", - деді халық қалаулысы пленарлық отырыста.