Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істейді

0
501

Алдағы 6 жылда дизель көлемін бірнеше есе арттыратын мүмкіндік жоқ.


Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істейді

Қазақстанда биыл дизель тапшылығы болуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Энергетика министрінің айтуынша, көрші елдердегі баға күрт көтерілген кезде, Қазақстан дизель өндіру көлемін арттырса да, күз айларында оның тапшылығын қайта көрді.

"Осы жылы да бағадағы айырмашылық сақталып отыр. Нәтижесінде былтырғы наурыз айымен салыстырғанда тұтыну көлемі 15%-ға артқанын көріп отырмыз. Бұл жағдай сақтала берсе, онсыз да шетел асып отырған қазақстандық дизельдің көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке тап болуымыз мүмкін", - деп түсіндірді Ақшолақов брифинге.

Сөзінше, алдыңғы жылдары тапшылықты өндіру көлемін арттыру арқылы жауып отырсақ, қазір отандық мұнай зауыттары максимальді режимде жұмыс істеп тұр.

"Алдағы 6 жылда дизель көлемін бірнеше есе арттыратын мүмкіндік жоқ. Осы себептерге байланысты Қазақстан арзан отынмен басқа елдердің экономикасын субсидияландырып, өз ұлттық мүддесіне зияны тиіп жатыр деп айтуға толық негіз бар", - деп атап өтті Болат Ақшолақов.