Қазақстандағы "Союз" апатының салдары жойылды – Ресей вице-премьері

0
863

Ресейдің вице-премьері Юрий Борисовтың баспасөз қызметі шаралардың орындалғанын хабарлады.


Қазақстандағы

ERNUR.KZ. Қазақстанда былтыр болған "Союз ФГ" зымыраны апатының салдарын жою бойынша барлық шара аяқталды, деп жазады sputniknews.kz.

Мәскеудегі отырыста "Союз МС-10" кемесінің апаты салдарын жою мәселесі қаралған.

"2018 жылдың 11 қазанында "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде "Союз-ФГ" зымыран тасығышының апатқа ұшырауы салдарын жою бойынша жұмыстарды аяқтау мәселесі қаралды. Бекітілген жоспар орындалды", - делінген Борисовтың баспасөз қызметінің хабарламасында.

2018 жылғы "Союз" апаты. 2018 жылдың 11 қазанында "Союз-ФГ" зымыран тасығышын ұшыру қайғылы аяқтала жаздады – кеме Байқоңырдан ұша бастағанда апатқа ұшырап, салдарынан ғарышкерлер Алексей Овчинин (Ресей) мен Ник Хейг (АҚШ) Жерге автоматтандырылған апаттық жүйе арқылы оралуға мәжбүр болды.

Қазақстанның төтенше жағдайлар комитеті 12 қазанда Қарағанды облысында зымыран тасығыштың бөлшектері табылғанын мәлімдеді.

Ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейг ғарыш кемесі ұшқаннан кейін 20 минуттан соң жерге қонды.

"Союз" кемесінде жанармайдың улы компоненттері – гептил мен амил пайдаланылған. Сол себепті кеменің бөлігі жерге құлағаннан кейін мамандар жанармай қалдықтарын жинап, жерді өңдеуі қажет болды.

2018 жылдың қарашасында Ресейдің федералды медициналық-биологиялық агенттігі басшысының орынбасары Вячеслав Рогожников айтқандай, бұл жұмыстар 2019 жылдың көктемінде жүргізіледі деп жоспарланған.