Қазақстандық 10 стартап-жоба 50 мың доллардан ұтты

0
594

Нұр-Сұлтанда Demo Day аясында ірі инвесторларға үздік стартаптардың таныстырылымы өтіп, Kazakhstan Digital Accelerator акселерациялық бағдарламасының үшінші легі қорытындыланды.


Қазақстандық 10 стартап-жоба 50 мың доллардан ұтты

KDA үшінші легінің стартаптары білім, денсаулық, экология, маркетплейс, электрондық коммерция, автоматтандыру және туризм саласы бойынша шешімдер ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңімпаздар қатарына МИБ-ке өту және тұрғын үйлерді басқаруға арналған онлайн-сервис (E-Knot), ілім курстары мен репетитор таңдау бойынша сервис (Oilan), жұмысшының психофизиологиялық жағдайын нейрондық желі арқылы талдау (Dicom Research), қашықтан оқыту үшін виртуалды сыныбы бар мобильді қосымша (FocusEd), киім-кешегіңді сату және сатып алу платформасы (Garderob) ілікті.

Сонымен қатар банктер мен оның өнімдері туралы ақпарат жинақталған B2C қаржы сервисі (ReCard), Алматы және Нұр-Сұлтанда өтетін спорттық іс-шаралар платформасы (Move On), Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында персонал іздеу, таңдау және жалдау бойынша қосымша (Isker), балалар мен жасөспірімдерге арналған онлайн-мектеп (Welldone School) және адамдарға ұйықтауға көмектесетін музыка мен дыбыстар қосымшасы (Smoothly) сияқты стартаптарға назар аударылды.

Барлық жеңімпаздар жобаларын дамыту үшін 50 мың долларға ие болды.

Іс-шара аясында ҚР ЦДИАӨМ мен "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ арасында еліміздің венчурлық нарығын дамытуға, отандық стартаптарды қолдайтын осындай акселерациялық жоба жасауға бағытталған Меморандумға қол қою салтанаты өтті.

Айта кетсек, акселерациялық бағдарламаның үшінші легінде іріктеуден өткен 19 стартап-жоба иелері үздік халықаралық менторлар мен тәжірибелі сарапшылардан тәлім алу мүмкіндігіне ие болды. Серіктестердің қатарында Carro (unicorn), Populix, Chocofamily, I2BF, HappyMarketer, Amazon Web Services, ScaleUp Malaysia, Chocofamily, SmartSatu, Paladigm Capital, Clockster, Cerebra, CTOgram және т.б. компаниялар бар.

Жалпы, 2020-2022 жылдар аралығында KDA бағдарламасының 3 легі жүзеге асып, 300-ден астам өтініш қабылданып, 39 жоба оқудан өтіп, 30 жоба инвестицияға ие болды.