Кеше Тоқаев қорғаныс министріне Ливанға әскери медицина мамандарын жіберу туралы мәселені шешуді тапсырған еді.
Қазақстанның әскери дәрігерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ливанға ұшып кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеше ҚР Президенті - ҚК Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министріне Ливанға әскери медицина мамандарын жіберу туралы мәселені шешуді тапсырған еді.
"7 тамызда ҚР Қарулы Күштерінің жеке құрамының арасынан 29 медицина маманы мен 4 аудармашыдан құралған топ Нұр-Сұлтан-Ақтау бағыты бойынша ұшты. 8 тамызда таңертең Бейрут портында жарылыс нәтижесінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері әскери-транспорттық авиация ұшағы Ақтау - Бейрут бағыты бойынша ұшып кетті", - делінген хабарламада.
4 тамызда Ливан Әскери-теңіз күштерінің базасына жақын орналасқан Бейрут портының маңында қуатты жарылыс болып, 150-ден кем емес адам қаза болғаны белгілі. Бес мыңға жуық адам жарақат алды, алайда ауруханалар толы болғандықтан зардап шеккендер стационар жағдайында ем қабылдай алмай жатыр.
"Қазақстан Республикасындағы Covid-19-бен байланысты жағдайды ескере отырып, топ құрамына инфекционист және терапевт дәрігерлер қосылмады. Топ құрамына жоғары білікті хирургтар, травматолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматологтар, сондай-ақ хирургиялық бейіндегі орта медициналық персоналдар бар. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген.
Әскери медицина қызметкерлерінің мақсаты зардап шеккендерге білікті медицина көмек көрсету", - делінген СІМ хабарламасында.