Қазақстандық ауыратлет Олимпиада медалінен айырылуы мүмкін

0
785

Ертең Рио Олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимовқа қатысты (допинг дауы) сот отырысы өтеді.


Қазақстандық ауыратлет Олимпиада медалінен айырылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Биыл 19 қаңтарда қазақстандық ауыратлет Нижат Рахимов антидопинг ережелерін бұзды деген күдікке ілініп, жарыстардан уақытша шеттетілді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Халықаралық допинг-тестілеу агенттігінің (ІТА) шешіміне сәйкес, Рахимов 2016 жылы допинг тексеру үшін тапсырған несеп талдауын ауыстырды деген күдікке ілінді. Сол жылы ол Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада чемпионы болған.

Бүгін ауыратлет Нижат Рахимов допинг дауына қатысты сот отырысы алдында жанкүйерлерге арнайы мәлімдеме жасады.

«Ертең мені сынамаларды ауыстырды деп айыптаған іске байланысты отырыс өтетінін хабарлағым келеді. Қаңтар айынан бері біздің федерация тәжірибелі адвокаттармен адал спортшы екенімді қорғап қалуға көмектесіп жатыр. Әрине, мұны жазу мен үшін қиын. Бірақ маған дәл қазір сіздерден қатты қолдау қажет. Сот отырысының нәтижесі қандай болатыны - Жаратушыға ғана аян. Мені спорттан шеттете ме, Олимпиада ойындарын жүлдесін тартып ала ма, ол жағы белгісіз. Бір нәрсе айтқым келеді, мен бәрін ереже бойынша жасадым. Ал тест алу қалай өткенін білмеймін. Оны мамандардың ұяты біледі», - дейді Олимпиада чемпионы.

Нижат Рахимов арада бес жыл өткен соң сынаманы қайта қарап, кінә таққаны әділетсіз деп есептейді.

«Ауыр атлетка - өмір бойы айналысып келе жатқан жұмысым. Бұл жолды таңдағаныма еш өкінбегенмін. Өзімді сыйлаймын, бірнеше жылдан бері қасымда жүрген адамдарды сыйлаймын. Сіздер мені тек жеңіске жеткен сәтте ғана емес, осындай қиын шақта да қолдайды деп сенемін. Бұл қиын сынақтан өтуім керек. Өзім үшін, Қазақстан үшін жеңіске жетуім керек», - деп жазды Нижат Рахимов.