Депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.
ERNUR.KZ. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.
«Бүгін біз жетінші шақырылған Парламенттің алғашқы сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл сессия жұмысы қасиетті Отанымыз Қазақстанымызға 30 жыл толған мерейлі кезеңде басталды. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздік әрбір отбасын, әрбір қазақстандықтың зор мақтанышы және баға жетпес байлығы болып саналады. Себебі дәл осы 30 жылдың ішінде біздің еліміз барлық салада зор табыстарға жетті. Бүгінгі күні Қазақстанымыз бүкіл әлем мойындаған беделі жоғары, іргесі берік қуатты мемлекетке айналды», - деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Осы орайда ол Тәуелсіздік жылдарындағы ҚР Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне тоқталды.
«Бүгінде осы 30 жыл бұрын негізін қалаған, мақсаты айқын, болашағы зор «Қазақстандық жолды» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев одан әрі табысты жалғастырып келеді. Қазірдің өзінде ел дамуына нақты серпін беретін маңызды бастамалар, бірқатар саяси- экономикалық, әлеуметтік реформалар нәтижелі қолға алынды. Оның барлығын заң жағынан қамтамасыз етіп келе жатқан қос палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына да биыл 25 толып отыр. Бұл әрқашанда Қазақстанның заңнамалық тірегі болып келе жатқан Парламент үшін өте маңызды оқиға. Осындай тарихи кезеңде біздің депутаттық корпустың рөлі де, жауапкершілігі де бұрынғыдан да арта түсті», - деді Мәжіліс Төрағасы.
Н. Нығматулиннің айтуынша, биылдың қаңтар айында өткен кезекті Парламент сайлауы елімізде демократияны одан әрі нығайтуға, қоғамдық ынтымақтастықты күшейтуге және саяси жаңғыртуға жаңа серпін берді. Осы сайлау нәтижесінде Мәжіліс құрамы 70 пайызға жаңарды. Сонымен бірге жаңа құрам барлық сала бойынша білікті тұлғалармен толықты.
«Бүкіл әлемге тараған коронавирус індеті Қазақстанды да орын алды. Соңғы бір жылдан астам уақыттан бері еліміз пандемия салдарымен күрес жүргізіп келеді. Елдегі жағдай баршамыздың өмірімізге, жұмысымызға көптеген өзгерістер әкелсе де, Парламент бір күнге де өз жұмысын тоқтатпады. Еліміздің технологиялық жетістіктерін пайдалана отырып, белсенді еңбек етті. Барлық жиын, жұмыс топтары, комитеттердің кеңейтілген отырыстары, жергілікті әрі халықаралық кездесулер көп жағдай онлайн форматта өтті», - деді ол.