Қазақстандық десантшылар Гималайды бағындырды

0
349

Ефрейтор Балжан Мұсатаева түрлі парашют жүйелерімен жүзден аса секіруді орындаған.


Қазақстандық десантшылар Гималайды бағындырды

Фото: Қорғаныс министрлігінен

ERNUR.KZ. ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері ефрейторлар Балжан Мұсатаева мен Маржан Сайранова "ҚазҮнді-2024" оқу-жаттығуы барысында Гималай тау бөктерінде күрделі секірулерді орындады, деп жазады inbusiness.kz.

Теңіз деңгейінен 3200 метр биіктік, айнала – тау көріністері, арқада – парашют, қару-жарақ пен жабдықтар, мақсат – жауынгерлік тапсырманы орындау. Осылайша, қазақстандық десантшылар кәсіби біліктіліктері мен жауынгерлік дайындықтарын көрсетуде.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің парашютшілер тобы "ҚазҮнді-2024" оқу-жаттығуында тапсырмаларды әскери контингент құрамында орындауда. Олардың ішінде екі қыз – парашютші-нұсқаушы ефрейтор Балжан Мұсатаева мен 61993 әскери бөлімі материалдық-техникалық қамтамасыз ету взводының санитарлық нұсқаушысы ефрейтор Маржан Сайранова да бар.

Биік таудағы күрделі ахуалда қыздар шектеулі алаңға парашютпен секіріп дәл қонуды орындауда жақсы нәтиже көрсетті.

– Дәл секіру – әдетте теңіз деңгейінен 1200-ден 4000 метрге дейінгі биіктіктен, жеке және топтасқан түрде, әртүрлі төмендету режимдерінде берік және басқарылатын деңгейлері бар "қанат" түріндегі арнайы парашют жүйесі арқылы орындалады. Дәл секіру басқарылатын парашюттермен бірге пайда болған ең көне парашют спортының бірі болса да, ол ең күрделісі, өйткені парашют жүйелері жаңартылған сайын алаңның өлшемдері мен рұқсат етілген нормалар өзгереді. Ефрейтор Мұсатаева екеуміз тура шектелген алаңның ортасына қонамыз, – деді ефрейтор Маржан Сайранова.

Ефрейтор Балжан Мұсатаева түрлі парашют жүйелерімен жүзден аса секіруді орындаған. Жуырда ғана бағдарламаны аяқтағаннан кейін ол парашютші-нұсқаушы атағын алды. Маржан Сайранова парашютпен секіруді енді бастаған. Бұл оның алғашқы халықаралық жаттығуы, дегенмен парашют командасының аға офицері подполковник Ержан Төлепұлының айтуынша, Маржан керемет нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Естеріңізге сала кетейік, "ҚазҮнді – 2024" оқу-жаттығуы 30 қыркүйек пен 13 қазан аралығында Үндістанның солтүстік бөлігі Аули қаласының маңындағы "Сурья" оқу-жаттығу орталығында өткізіліп жатыр. Бұған Құрлық әскерлерінен "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы мен ҚР Қарулы күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерінің құрамынан жасақталған бірікен рота қатысуда.

Оқу-жаттығу барысында екі контингенттің әскери қызметшілері тау дайындығы тәжірибесімен бөлісіп, терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша бірлескен міндеттерді орындауда. Десант түсіру кезінде Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Үнді әріптестерімен бірлесіп, күрделі таулы жерлерде парашютпен секіру жаттығуларын орындау үстінде.