​Қазақстандық экспорттаушыларды қолдауға 500 млрд теңге бөлінеді

0
1 119

«Даму» қоры 2014 жылдан бастап 2018 жылды қоса алғандағы кезеңде екінші деңгейдегі банктерде қаражатты шартты орналастыру шеңберінде жалпы сомасы 100,3 млрд теңгеге экспортқа бағытталған 267 жобаны қаржыландырды.


​Қазақстандық экспорттаушыларды қолдауға 500 млрд теңге бөлінеді

ERNUR.KZ. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсету үшін берілетін 500 млрд теңге қалай бөлінетінін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Отандық кәсіпорындарды қаржылай және қаржылық емес қолдауды нығайту үшін алдағы 3 жылда 500 млрд теңге, оның ішінде Бәйтерек құралдары арқылы 470 млрд теңге бағытталатын болады. 220 млрд теңге - бұл бұрын бөлінген қайтарымды қаражатты қайта бөлу, оның ішінде Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) және «Даму» қолдау қоры (ДАМУ) (Холдингтің еншілес ұйымдары) экспортқа бағытталған жобаларды қаржыландыруға 2019 жылы - 138 млрд теңге, 2020 және 2021 жылдары жыл сайын 41 млрд теңгеден», - деді Айдар Әріпханов ҚР Үкіметі отырысында сөз сөйлеу барысында.

Ол сонымен қатар 80 млрд теңге - 2020-2021 жылдары ҚДБ арқылы экспорттаушыларға кредит беруге арналған жаңа қаржыландыру екенін атап өтті. 2018 жылы экспорттаушыларға қолдау көрсету шеңберінде ҚДБ жалпы сомасы 87,3 млрд теңге болатын 12 жобаны қаржыландырды. 2019 жылы қаржыландыру үшін банкте сомасы 105,8 млрд теңге болатын 18 жобадан тұратын портфель бар.

«Даму» қоры 2014 жылдан бастап 2018 жылды қоса алғандағы кезеңде екінші деңгейдегі банктерде қаражатты шартты орналастыру шеңберінде жалпы сомасы 100,3 млрд теңгеге экспортқа бағытталған 267 жобаны қаржыландырды. 2019 жылы қаржыландыруды жалғастыру үшін қорда тамақ өнімдері, электр жабдықтары, химия және фармацевтика, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп салаларында 47,8 млрд теңге сомасына 77 жобадан тұратын портфель бар.

2018 жылдың қорытындысы бойынша капитал 43 млрд теңге болғанда «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы қолданыстағы сақтандыру міндеттемелерінің көлемін 110 млрд теңгеге дейін ұлғайтты, бұл компанияның меншікті капиталынан 2,5 есе жоғары. Ағымдағы жылы капиталдандыру және мемлекеттік кепілдіктер алу есебінен сақтандыру көлемі айтарлықтай артатын болады.

«Осыған орай, ағымдағы жылы KazakhExport кемінде 95 млрд теңге сомасына сақтандыруды қамтамасыз етеді, бірінші тоқсанда 16 млрд теңгеден астам сомаға 15 жоба бойынша оң шешім қабылданды, оның ішінде 11 кәсіпорын бұрын KazakhExport қолдауын пайдаланбаған. Бүгінгі таңда KazakhExport экономиканың басым секторларында Қазақстанның барлық өңірлерінде 80-нен астам кәсіпорынға қолдау көрсетеді. Мысалы, егер 2018 жылы KazakhExport 90 млрд теңге сомасына қолдау көрсеткен болса, оның ішінде 49 млрд теңге агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындарына тиесілі», - деді Айдар Әріпханов.

Оның айтуынша, «Бәйтерек» холдингі экспорттаушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың арқасында экономиканың бірқатар секторлары өңделген өнімдердің экспортын айтарлықтай арттырды. Мысалы, теміржол машиналарын жасау өнімдерінің экспорты Ақтөбе рельс-арқалық зауытын және «Проммашкомплект» ЖШС (темір жол доңғалақтарын өндіру) қолдаудың арқасында 139%-ға артқан. Бұдан басқа, аккумуляторлық батареяларды, трансформаторларды және электр жабдықтарын өндіруге қолдау көрсетілді, бұл осындай өнімдердің экспортын 13,4%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Натрий цианидін, полимерлі өнімдерді және минералды тыңайтқыштарды өндіру бойынша кәсіпорындарды қолдау есебінен химия өнеркәсібінің экспорты 10,6%-ға өсті. Ал тамақ өнеркәсібінің экспорты сусындар, кондитерлік өнімдер, өсімдік майы, сүт өнімдерін өндіру бойынша 20-дан астам кәсіпорынның қолдауымен 7,3%-ға өсті.

«Осылайша, экспорттаушыларға қолдау көрсету үшін 500 млрд. теңге бөлу халықаралық тауар нарықтарындағы құбылмалылыққа қарамастан, жақын арада шикізаттық емес экспорттың қарқынды өсуіне ықпал ететін уақытылы шара болып табылады» - деп сөзін қорытындылады «Бәйтерек холдингінің басшысы.