Қазақстандық сарбаздар Таяу Шығыста бітімгершілік миссиясын атқарады

0
2 432

Бұл 120 сарбаз Ливанға жарты жылға жіберілді. Алты айдан кейін оларды Қазақстанның басқа бітімгерлік ротасы алмастырады


Қазақстандық сарбаздар Таяу Шығыста бітімгершілік миссиясын атқарады

фото: ашықдерккөзден

ERNUR.KZ. Қазақстандық әскерилер бітімгершілік миссиясын атқару үшін Таяу Шығысқа аттанды, деп жазады 24.kz.

Жыл бойы арнайы дайындықтан өткен 120 сарбаз Ливанның Марджаюн аймағына жетіп, үндістандық батальонның орналасқан жеріне жайғасты. Алматыдан ұшқан қос қанатты көлік бес сағатта Ливан астанасы Бейрутқа келіп қонды. Сосын 120 шақырымды артқа тастап, қазақстандық бітімгерлер елдің оңтүстігіндегі Марджаюн аймағына жетті. Бұл жерде біздің әскерилерді үндістандық батальонның командирі ілтипатпен қарсы алып, ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.

Жасын Біркенов, тілші: – Қазақстандық ротаның жайғасқан жері Марджаюн деп аталады. Бұл аймақтың геосаяси һәм стратегиялық маңызы зор. Шамамен осы жерден 7 шақырым жерде Израиль мемлекетінің шекарасы. Енді еврей халқы мен Ливан арасындағы шиеленісті біз білеміз. Бүгінде олар саяси тартысып жүр. Ал осы жерден шамамен 15 шақырым жерде Сирияның шекарасы. Енді бұл аймақта қазақстандық бітімгерлер алдағы алты ай бойы өзінің бітімгерлік миссиясын атқарады.

Ливан – қарулы қақтығыстан берекесі қашқан мемлекеттердің бірі. Сол себепті 1978 жылы бұл елге Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша күш құрылымдары жіберілді. Уақытша күш деп отырғанымыз, 40-тан астам мемлекеттен келген 10 мыңнан аса бітімгер. Басқаша «ЮНИФИЛ» деген атауы бар. Олар осы күнге дейін Ливан мен Израиль шекарасы маңындағы жағдайды қадағалайды. Енді қазақстандық сарбаздар да Таяу Шығыста бітімгершілік миссиясын атқармақ.

Балтабай Омаров, Қазақстанның Ливан Республикасындағы дипломатиялық миссиясының басшысы: – 2006 жылы ғана үлкен қарулы қақтығыс болды. Әрине, оқ ату режимін бұзу болғанмен, жалпы жердегі ахуал 2006 жылдан бері тұрақты деп саналады. Сайыпқыран сарбаздар үндістандық батальонның құрамында миссияларын атқарады. Бұл туралы қос Үкіметтің тиісті келісімі бар.

Біздің бітімгерлер Ливанға киім-кешек пен азық-түліктен бөлек, бірқатар керек-жарақ, тіпті қазақ жазушыларының шығармалары, гитара мен домбыраларын да алып келген. Алғашқы күні жатын бөлмелерін тазалап, орналасумен айналысты. Ал екінші күні дайындықтарына кірісіп кетті. Төтенше жағдайда әрекет ету шаралары, жергілікті тұрғындарға көмектесу амалдарын қайта-қайта пысықтап жатыр. Өйткені бітімгерлер қызмет атқаратын Марджаюн аймағы – екі елдің мүддесі тоғысқан жер. Бұл өңірде Ливан мен Израиль таласып отырған территориялар бар. Сондай-ақ ат шаптырым ғана қашықтықта соғыстан көз аша алмай отырған Сирия орналасқан.

Аян Нұрқасов, қазақстандық бітімгерлер ротасының командирі: – Біздің бітімгерлердің жалпы миссиясы осы Ливан халқының бейбітшілігін қолдау болып келеді. Біздің аумақта өтіп жатқан бас жолда трафиктің контролі, заңсыз болып табылатын заттардың өтіп кетпеуіне және тасымалдауына жол бермеу болып табылады. Айту керек, біздің сарбаздардың арасында бұрын Иракта бітімгердің жүгін арқалаған сақа жауынгерлер де бар. Сондықтан қауіпті аймақта қызмет ету – қазақстандық әскерилер үшін таңсық емес.

Жәнібек Сәбішев, қазақстандық бітімгер: – Қазақ халқы намысшыл, рухты халықпыз ғой. Бізде қорқыныш, үрей болмады. Өйткені жанымызда сенімді бауырларымыз, достарымыз, дайындықта жүрген, бір-бірі үшін тер төгетін, көмектесетін бауырлардың арқасында қорқыныш дегенді білмейміз.

Айдын Мошабаев, қазақстандық бітімгер: – 2007 жылы Иракта болған тәжірибемді осы жақта пайдаланамын. Жастарға өз тәжірибемді көрсету мақсатымен келдім.

Бұл 120 сарбаз Ливанға жарты жылға жіберілді. Алты айдан кейін оларды Қазақстанның басқа бітімгерлік ротасы алмастырады. Ал оған дейін қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, елге деген іштегі сағыныштарын әуезді әнмен басады.