Жыл басынан бері полиция 360 мың қылмыстық істі тергеді.
ERNUR.KZ. Бүгінде еліміздегі қылмыстық істердің 96%-ын ішкі істер органдарының тергеушілері тергеп жатыр. Осы жылдың басынан бері полиция 360 мың қылмыстық істі тергеді, оның ішінде 167 мың іс аяқталды, 50 мыңға жуығы сотқа жіберілді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Сонымен қатар биыл ІІМ-нің тергеушілері азаматтарға ірі шығын келтірген қылмыстық топтарға, есірткі зертханаларына, бала саудасына, қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтады.
Ішкі істер органдарының істері бойынша барлығы 49 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 1409-ы аса ауыр қылмыс, 12 517-сі ауыр қылмыс жасағаны үшін.
Тергеушілер жұмысындағы басым бағыттардың бірі – қылмыстан зардап шеккендерге келтірілген шығынның өтелуін қамтамасыз ету. Биыл жәбірленушілерге 21 млрд теңгеден астам шығын өтелді, ал мүлікті тәркілеуге қатысты сот үкімін орындау мақсатында 1 млрд теңгеден астам мүлікке тыйым салынды. Тергеу нәтижелері бойынша тергеу және анықтау бөліністерімен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы 50 мыңнан астам ұсыну енгізілді.