Қазақстандықтар баспана сатып алу және емделу үшін БЖЗҚ-дан 3,8 триллион теңге алды

0
555

Қазақстандықтар тұрғын үй сатып алуға және (немесе) емделуге 1,9 млн өтінішке сәйкес шамамен 3,8 трлн теңге көлеміндегі зейнетақы жинақтарын пайдаланды.


Қазақстандықтар баспана сатып алу және емделу үшін БЖЗҚ-дан 3,8 триллион теңге алды

Қазақстандықтар 3,8 триллион теңгеге жуық қаржыны баспана сатып алуға және емделуге жұмсаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстандықтар тұрғын үй сатып алуға және (немесе) емделуге 1,9 млн өтінішке сәйкес шамамен 3,8 трлн теңге көлеміндегі зейнетақы жинақтарын пайдаланды.

Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтарын азаматтар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының тұрғын үйге, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға қолжетімді сомасы шегінде бірнеше рет пайдалана алады.

Тұрғын үйге

2021 жылғы қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша "БЖЗҚ" АҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 1 453 904 өтінішін орындады. БЖЗҚ қазақстандықтардың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына 3,3 трлн теңгеден аса қаржы аударды.

Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,3 млн теңге.

Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға берілген өтініштердің ең көп саны Алматы қаласының (18,5%), Астана қаласының (14,1%), Маңғыстау облысының (10,1%) тұрғындарынан түсті. Қордың www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" бөлімінде азаматтардың біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініштерді қандай мақсаттарға беретіні, оның ішінде өңірлер бөлінісі ("Біржолғы зейнетақы төлемдері мақсаттары бойынша" және "Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері" бөлімшелері) бойынша ақпарат орналастырылған.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасалды: барлық өтініштердің шамамен 34,4% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу), өтініштердің 21,5% – тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 16% - ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), 15,5% - тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалған.

Қазіргі кезде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға берілген өтініштерді қабылдайтын уәкілетті оператор-банктердің қатарында "Отбасы банк "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Altyn Bank" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Банк Фридом Финанс Қазақстан"АҚ бар.

Атап кетейік, уәкілетті операторлардан 500,3 млрд теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды, себебі, отандастарымыз біржолғы зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Емделуге

БЖЗҚ емделу үшін жалпы сомасы 419,3 млрд теңге болатын 477 866 өтінішті орындады. Алынған соманың орташа мөлшері 0,88 млн теңге.

Өтініштердің 96,5% стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,5% офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының шамамен 1% пайдаланылды.

Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 37,5 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану бойынша өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" - "Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері" бөлімінде танысуға болады.