Қазақстандықтар болашақта Өзбекстанға паспортсыз-ақ бара алуы мүмкін

0
532

Қос ағайын елдің ынтымақтастығы биыл жаңа деңгейге көтеріледі.


Қазақстандықтар болашақта Өзбекстанға паспортсыз-ақ бара алуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараны кесіп өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Кедендік бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту және көрші елдермен өзара тауар айналымның көлемін еселеп арттыру мақсатында Үкімет Өзбекстанмен, Түрікменстанмен және Қытаймен арадағы шекарада өткізу бекеттерін кең ауқымды жаңғыртуды бастады. Оның аясында ескі инфрақұрылым күресінге жіберіліп, орнына мүлдем жаңа өткізу пунктері тұрғызылады. Себебі, қолданыстағы инфрақұрылым көнерді және қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейді", – деді ол.

Жаңа орынға салынып жатқан жаңа бекеттердің өткізу қабілеті де бірнеше есе артады деп күтілуде.

Кедендік бақылау департаментінің дерегінше, жалпы алғанда, модернизация шекарадағы пунктердің өткізу қабілетін 8 есеге ұлғайтады, шекарадан өту уақытын керісінше, 30 минутқа дейін кемітеді. Бұған тауарлар мен көліктерді өткізудің бүкіл циклын автоматтандыру да ықпал етуге тиіс.

Көрші жатқан бауырлас қос халықтың аралас-құраластығына серпін беру үшін ел Парламенті "2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы" ратификациялады. Бұл құжатты көрші Өзбекстан былтырғы сәуірде ратификациялап қойған екен. Демек, хаттама биылғы жылы толыққанды күшіне енуге тиіс. Тек біз жақ оны созбалаңға салып жіберді.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің түсіндіруінше, бұл құжатқа сәйкес, екі ел азаматтарына бірдей негізде уақытша есепке тұрмай, қос мемлекеттің аумағында 30 күн бойы еркін жүру құқығы беріледі.

"Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Рұқсат алу кезінде елде қалуының негіздерін көрсетуі керек. Мысалы, жұмыс істеу, емделу, оқу, отбасымен табысу немесе бизнес жүргізу. Осылайша, біз көші-қонды бақылаймыз. Сонымен қатар болу мерзімдерін жаңарту мәселесі шешіледі. Қазақстандықтардың Өзбекстанда, өзбектердің Қазақстанда болу мерзімі жарты жыл ішінде 90 күннен аспауға тиіс", – деді ІІМ басшысы.

Министр 2022 жылғы желтоқсанда қол қойылған осы екіжақты құжаттың Қазақстанның қалауымен және сұрауымен жасалғанын жеткізді. Жасыратыны жоқ, қолданыстағы тәжірибе бойынша біздің азаматтар Өзбекстанға 5 күннен артық мерзімге саяхаттап, сапарлап барса, онда көршінің көші-қон қызметі 5 күннен кейін қазақстандықтарды тіркеуден өтуге міндеттей бастайды.

Қазақстан болса, жатжұрттықтарды ондай талаптан босатты. Ішкі істер министрінің айтуынша, міндетті тіркеу мен көші-қон карточкаларын алу – барлық шетелдіктерден 2020 жылдан бері талап етілмейді.

Яғни, аталған хаттамаға Қазақстан Президенті қол қойып, ол күшіне енген соң біздің азаматтар өзбек елінде еш тіркеусіз 5 емес, 30 күн бойы жүре алады. Министр Ержан Сәденовтің байламынша, бұл құжат түбі бір қос халықты одан сайын жақындастыра түседі, әрі екі елдің ынтымақтастығын нығайтады.

Көші-қон мәселелері бойынша заң консультанты Ерлан Оразбаевтың айтуынша, Қазақстанға кіретін шетелдіктердің саны жөнінен Өзбекстан алда және бірінші орынды алады.

"Негізі, Қазақстан мен Өзбекстан бұдан да жақын, тығыз кіріге алар еді. Мысалы, Ресейден Беларуське сапарласаңыз, тіпті шетелдік паспорт талап етілмейді. Қос халық жеке басты куәландыратын ішкі құжатпен барыс-келіс жасай береді. Қазақтар мен өзбектер де өзара сенімнің осы биік деңгейіне жеткені жөн. Бірақ көбіне, Қазақстан билігі тарапынан тартыншақтау байқалады. Егер шекараны ашып тастасақ, өзбекстандық еңбек мигранттары қаптайды деп санайды. Бұл орынсыз. Келгісі келгендер онсыз да кіріп жатыр. Өзбек еңбеккерлерінің көбі бүгінде алыс шетелді таңдай бастады, АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа елдеріне ден қойды. Оңтүстік Кореяның Сыртқы еңбек миграциясы агенттігі биыл 100 мың Өзбекстан азаматын шақырып отыр. Қазақстан оларға қызықсыз: жалақы тым төмен, баспана арендасы қымбат", – деді Е.Оразбаев.

Сарапшы еңбек миграциясына бола, ағайын екі елдің ынтымақтастығын енді шектей бермеген жөн деп санайды.

Ресми статистика бойынша 2023 жылы Қазақстанға 5 миллион 300 мыңнан астам Өзбекстан азаматы келіпті. Оның арасында өзбек жағында қалып, атамекендегі туған-туыстарына сапарлаған қазақтар да жетерлік. Соның ішінде былтыр 411 мың 595 өзбекстандық елімізде уақытша есепке тұрды.

Оразбаев Қазақстанның көші-қонды бақылауын күшейтіп жатқанын қаперге салды. 30 күндік мерзім аяқталған соң, уақытша тіркеуге тұрмаған Өзбекстан азаматтары жазаға тартылады. Заңсыз тұратын келімсектерді табу үшін құқық қорғау органдары базарларды, қонақүйлерді, сауналарды, өзге де бұқара көп жиналатын орындарды жиі тексереді.

Тексерулерге қойылған барлық тыйымдар, мораторийлер биыл жойылды. Тұрақты түрде рейдтер, жедел-іздестіру іс-шаралары өткізіледі. Егер шетелдіктің елде болу мерзімі 30 күннен асып кетсе, хаттама толтырылады, содан соң Өзбекстан азаматы өз бетінше елден шығып кетуі керек. Кетпесе, сот шешім қабылдайды: не айыппұл салады, немесе мәжбүрлі түрде елден аласталып, 5 жылға дейін қайта орала алмай қалады.

Қалай болғанда, Өзбекстан Қазақстанның өз азаматтарына 30 күн еркін жүруге мүмкіндік беру туралы өтінішін орындап, екі елді жақындастыратын қадам жасады. Мысалға, салыстырсақ, өзбек елі Ресей азаматтарына 15 күндік шектеу енгізді. Әрі қарай ресейліктер тұрақты баспана жалдап, тіркеуге тұруы шарт.

Парламент депутаттары да екі елдің ықпалдастығын барынша тығыз етуді, кедергілерді жоюды құптайды. Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының екі ел аумағында емін-еркін жүру мерзімін 30-дан 60 күнге дейін арттыруды ұсынды.

Мұның ізгі үлгісі бар екен. 2023 жылдың 25 тамызында Өзбекстан мен Қырғызстан арасында азаматтардың өзара сапарлары туралы хаттама күшіне енді. Ол хаттама бойынша өзбек-қырғыз азаматтары бір-біріне барғанда, 60 күнге дейін тұруына мүмкіндік берілген.

"Ендеше алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары үшін де 60 күнге дейін тұру мерзімін қарастырған жөн. Бұл – бір. Екіншіден, елдеріміз арасында бекітіліп отырған жаңа хаттама аясында жеке басты куәландыратын ішкі құжаттарды, атап айтқанда, жеке куәлікті өзара тану мәселесі қарастырылмаған. Көрші елге баруымыз үшін міндетті түрде паспортымыз талап етіледі. Ал бұл дегеніміз қосымша қып-қызыл шығын!", – деді Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов.

Ол бір мысал келтірді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның азаматы 16 жасқа дейінгі балаға көлемі 24 беттен тұратын паспортты алу үшін 14 мың 768 теңге төлейді. 48 беттен тұратын ересектер паспорты үшін 44 мың теңгеге шығындалады. Сонда 4-5 баласы бар орташа қазақ отбасы Өзбекстанға бару үшін тек паспорт алуға ғана 133-163 мың теңге шығындайды.

Сондықтан депутаттардың дәйектеуінше, болашақта Қазақстан азаматтарының жеке куәлігін, балалардың туу туралы куәлігін шекарадан өту құжаты ретінде тану мүмкіндігі қарастырылса, жөн.

Еліміздің сыртқы саясат ведомствосы депутаттардың бастамасын ілгерілетуге дайын екенін мәлімдеді.

"Мәжіліс қабылдаған екіжақты хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасында құжаттардың нақты тізімі берілген. Яғни, Өзбекстан мен Қазақстан нақты қандай құжаттары бар адамдарды ортақ шекарадан өткізетіні турасында өзара келісті. Ол тізбенің арасында ұлттық ішкі жеке куәліктер, туу туралы куәлік жоқ. Бірақ бұл екі ел арасындағы келіссөздер арқылы шешуге болатын мәселе. Азаматтарымызды тек паспортпен ғана емес, жеке куәлікпен де өткізу мәселесі әрі қарай қарастыруға лайық! Оны өзбек тарапымен талқыға салу керек", – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Оның айтуынша, қазақстандық СІМ "бұл мәселені көтеріп, бастамашылық жасауға дайын".

Назар аударатын жайт, 2023 жылы шетелдік мигранттар жасаған 73 мың заң бұзушылықтың басым көпшілігі – 46 мыңы Өзбекстан азаматтарына тиесілі. Бұл статистикаға қылмыстар ғана емес, еңбек заңнамасын бұзу, салық төлемеу де еніп отыр.