Қазақстандықтар енді шекарадан Ресей аумағына жылдам өтетін болады

0
413

​Алдағы төрт жыл бойы Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу пунктерін ауқымды реконструкциялау жоспарланып отыр.


Қазақстандықтар енді шекарадан Ресей аумағына жылдам өтетін болады

ERNUR.KZ. 2025 жылға дейін Қазақстан-Ресей шекарасындағы жолаушылар ағымы төрт есе ұлғаяды. Бұл жөнінде Қазақстан сенаты мен Федерация кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның кеңейтілген отырысында Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан-Ресей шекарасында автомобильдердің өтуіне арналған 30 пункт бар. Оның 13-і екіжақты болса, 17-сі – көпжақты өткізу пункті.

"Біздің елдер арасындағы шекарадан күн сайын 10 мыңнан астам автокөлік құралы өтеді (оның 4 мыңы жжүк көлігі), ал жолаушылар ағыны 28 мың адамды құрап отыр. Бұл жағдай қазір қолданыстағы өткізу орындарының бұл жүктемеге шамасы жетпей отырғанын көрсетуде. Соның салдарынан ұзын-сонақ кезек қалыптасып жатыр. Бұл проблеманың шешімін табу үшін 27 өткізу пунктіне реконструкция жүргізу қажет", - деді министр.

Ол жүк тасымалы мен өткізу қабілетін арттыру мақсатында осы жылы бірінші кезекте тұрған алты (Сырым, Тасқала, Қосақ, Өрлітөбе, Жаңа жол, Әлімбет) өткізу пунктін жаңғырту бойынша жобаны әзірлеу басталғанын еске салды. Қалған нысанды 2025 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен реконструкциялау көзделіп отыр.

Реконструкция пункт аумағын ұлғайтуды, ғимараттарды модернизациялауды, заманауи стационарлық инспекциялық-тексеру кешендерін сатып алуды, төлқұжат тексеру аумағы мен автокөлік құралдарына арналған қозғалыс жолағын ұлғайтуды қарастырады.

Нәтижесінде көлік құралдарын өткізу мүмкіндігі екі есе (тәулігіне 10 мыңнан 20 мың автокөлікке дейін), ал жолаушылар ағыны төрт есе (28 мыңнан 112 мың адамға дейін) артады.