Қазақстандықтар жеке деректері сайттарда тарап кеткеніне шағымданды

0
1 079

Заңсыз алынған дербес деректерді таратқан екі жеке интернет-ресурсқа 58 340 теңгеден айыппұл салынды.


Қазақстандықтар жеке деректері сайттарда тарап кеткеніне шағымданды

ERNUR.KZ. Қазақстандықтар сайттарда, соның ішінде мемлекеттік сайттарда, үйлердің кіреберісінде және WhatsApp-чаттарда дербес деректері тарап жатқанына шағымданды. Олармен қандай жұмыс жүріп жатқанын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Руслан Әбдіқалықов айтып берді, деп жазады Tengrinews.kz.

"Адамдар дербес деректерін ашық тарататын коммерциялық интернет-ресурстарға жиі шағымданады. Яғни, адам іздеу жүйесінде өзінің аты-жөнін жазса, жауап ретінде ол туралы мәліметтер тұрған сайттарға сілтемелер көрсетіледі: ЖСН, туған күні, туған жері, бар болса тіпті сот шешімдері жазылады.
Осыған байланысты біз мемлекеттік органдарға қатысты, сондай-ақ жеке интернет-ресурстарға қатысты артық деректерді жалпыға қолжетімді ресурстарда жариялаудың жолын кесу бойынша шаралар қабылдадық. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің "Салық төлеушіні іздеу" сервисіндегі ТАӘ теру кезінде ЖСН ұсыну бөлігінде және керісінше жұмыс реттелді. Қазіргі уақытта сервис тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды іздеу үшін ғана қолжетімді", - деді Әбдіқалықов ОКҚ брифингінде.

Сондай-ақ, оның айтуынша, заңсыз алынған дербес деректерді таратқан екі жеке интернет-ресурсқа 20 АЕК - 58 340 теңгеден айыппұл салынды.

"Адамдар жеке деректерінің жалпыға қолжетімді жерлерде, мессенджер чаттарында таралуына байланысты өтініш білдіреді. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтері, мүлік иелерінің бірлестіктері және коммуналдық қызметтер борышкерлердің тізімін кіреберістерге орналастырады, чаттарда таратады. Бұл тізімдерде көбіне жеке деректер жазылады: адамның аты-жөні, мекенжайы, телефондары.
Мұндай деректерді таратуға болмайды, олар қаскөйлердің қолына түссе, зиян келтіру мақсатында пайдалануы мүмкін", - деп атап өтті Әбдіхалықов.

Ол WhatsApp-чаттарында тұрғындардың жеке деректерін заңсыз таратқаны үшін елордалық тұрғын үй кешендерінің екі басқарушы ұйымына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынғанын айтты.

"Қандай да бір тәсілмен дербес деректерді заңсыз таратқан жекелеген адамдарға да шағымдар келіп түседі. Мысалы, лауазымды тұлғалар дербес деректері бар құжаттарды үшінші тұлғаларға заңсыз табыстайды немесе қорғау шараларын сақтамайды, салдарынан дербес деректер тарап кетеді", - деп қосты ол.

Оның айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар үшін 6 коммерциялық ұйым 100 АЕК 291 700 теңгеден, сондай-ақ бір шенеунікке 500 АЕК 1 миллион 458 мың теңге айыппұл салынған.

Ол барлық заңсыз тараған дербес деректер жалпыға қолжетімді көздерден алынатынына сендірді.