2022 жылдың соңына дейін бұл жобаны енгізетін құрылыс компанияларының тізімін кеңейту жоспарланып отыр.
ERNUR.KZ. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ХҚО операторларын BI Group және G-Park құрылыс компанияларының кеңселеріне орналастырды, деп жазады Sputnik.kz.
Бұл жоба әзірге Астана, Алматы және Шымкент қалаларында енгізілді. Электрондық цифрлық қолтаңбасы немесе интернетке қолжетімділігі жоқ клиент сол жерде офлайн режимде жылжымайтын мүлік бойынша мәміле жасай алады.
"Бұл жаңа жоба азаматтардың уақытын ғана емес, қаржысын да үнемдейді. Себебі ХҚО арқылы көрсетілетін қызмет құны 7 100 теңгені құрайды, ал нотариустарда ол 6 есе қымбат", - делінген хабарламада.
2022 жылдың соңына дейін бұл жобаны енгізетін құрылыс компанияларының тізімін кеңейту жоспарланып отыр.
Осыдан бір апта бұрын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы "Отбасы банк" АҚ-мен ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп, Blockchain технологиясы арқылы тұрғын үйді жалға беру шартын онлайн рәсімдеу жобасын іске қосқан болатын.
Егер бұрын клиенттер тізімдегі құжаттарды жинап, оны әкімдікке өткізген соң тағы 15 жұмыс күн күтетін. Ал жаңа қызметтің арқасында бүкіл процесс 2 сағаттай ғана уақыт алады.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызмет көрсету бойынша бірыңғай провайдер болып табылады. Ол төрт негізгі бағыт бойынша – халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры, жылжымайтын мүлік бойынша барлық мемлекеттік қызметтердің 95,9% көрсетеді.