Қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуы: Министрлік хабарлама алғандар не істеу керектігін айтты

0
4 783

2024 жылғы 5 наурызда "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ zaimer.kz ("МҚҰ "Робокэш.кз" ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 миллионнан астам жеке деректерінің таралуын анықтады.


Қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуы: Министрлік хабарлама алғандар не істеу керектігін айтты

ERNUR.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуына қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп жазады stan.kz.

2024 жылғы 5 наурызда "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ zaimer.kz ("МҚҰ "Робокэш.кз" ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 миллионнан астам жеке деректерінің таралуын анықтады.

Жалпы, Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам (РФ - 23,6 млн. (zaimer.ru – 16.8 млн., adengi.ru -6.8 млн.); Филиппин - 5 млн. (digido.ph); Вьетнам - 2 млн. (vietloan.vn) деректері анықталды.

""Егер сіз жеке деректеріңіздің тарағаны туралы хабарлама алсаңыз және сіз "Займер" микроқаржы ұйымының клиенті болмасаңыз, жеке деректеріңізге қол жеткізуге келісім бермесеңіз, жағдайды одан әрі нақтылау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне шағымдануыңыз керек. Бұл сіздің қауіпсіздігіңіз үшін қажет", - деді министрлік.

Қазақстанның Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 79-бабына және 641-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ қылмыстық кодекстің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.

Осы орайда, Цифрлық даму министрлігі ұсынады:

  • "Электрондық үкімет" веб-порталы немесе EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы қарыз алудан ерікті түрде бас тартыңыз;
  • егер, банк қызметкерлерінен қоңырау түскен болса, онда әңгімені дереу үзіп, ресми байланыс деректері бойынша Банкке тікелей қоңырау шалыңыз;
  • жасалатын операцияны (төлемдер, аударымдар және т. б.) растау үшін SMS-кодты хабарламаңыз;
  • интернет-банкингтегі жеке кабинетіңізден құпия сөздерді бермеңіз;
  • банк картасының артындағы CVV / CVC кодын бермеңіз;
  • бөтен мобильді қосымшаларды, соның ішінде құрылғыларға қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатпаңыз;
  • қаржылық аккаунттарда бірегей және күрделі құпия сөздерді қолданыңыз;
  • қосымша қорғаныс үшін екі факторлы аутентификацияны қосыңыз;
  • электрондық пошта тіркемелерін ашқан кезде, әсіресе олар бейтаныс жіберушілерден келсе, абай болыңыз;
  • күдікті интернет-ресурстарға (сайттарға) кіруден аулақ болыңыз;
  • сенімсіз ресурстарға жеке ақпаратыңызды ұсынбаңыз;
  • қаржылық операцияларға мониторинг жүргізіңіз.