Қазақстанға Қытай мен АҚШ-тан көшіп келіп жатқандар көбейген

0
643

Ал жарты жылда 11 мың отандасымыз шетел асқан.


Қазақстанға Қытай мен АҚШ-тан көшіп келіп жатқандар көбейген

ERNUR.KZ. Осы екі мемлекеттен Қазақстанға біржолата көшіп келіп, тұру үшін өтініш бергендер артқан. Өткен жарты жылда шығыстағы көрші мемлекеттен 1220 адам қоныс аударған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ал керісінше елден сырт елдерге көшіп кеткендер саны азаймай тұр. Коронавирусқа байланысты енгізілген карантинге қарамастан, өткен жарты жылда 11 мың отандасымыз шетел асып кетіпті. Ал елге олардың орнына 7 мың адам тұрғылықты орналасу үшін өтініш берген. Олардың арасында Статистика комитетінің дерегінше, ТМД елдерінен 5117 адам келген. Нақтырақ айтқанда Өзбекстан - 1877, Ресей - 1764, Түркменстан - 1034, Қырғызстан - 186, Әзірбайжан - 114, Тәжікстан - 83, Украина - 35 азаматын біздің елге жіберген.

Ал алыс шетелдерден Қытай көш бастап тұр. Бұл мемлекеттен келген 1220 адам азаматтығын ауыстарған. Сол сияқты Германия - 102, Моңғолия- 99, Түркия - 96, Иран - 71, Грузия - 59, АҚШ - 17 азаматы Қазақстан аумағына қоныс аударған.

Көшіп келгендер арасында 1010 адамның жоғарғы білімі бар. Олар 15 жастан асқан барлық көшіп келушілердің 17,3%-ы. Орта кәсіптік білім алғандары - 1587 адам (27,2%), ал орта білімі бар азаматтар саны - 2156 (36,9%).

Қоныс аударғандардың ұлттық құрамына қарағанда қазақтар басым. Елдің жаңа тұрғындарының 4125-і қазақ, 1296-сы орыс, 366-сы өзбек, 158-і қарақалпақ. Одан тыс 86 түрік, 154 әзірбайжан, 105 неміс, 84 кәріс және 76 татар ұлтының өкілдері тұрғылықты халықтың санын арттырып отыр.

Мигранттардың көбі Маңғыстау облысына қоныстанған, олардың саны – 2146 адам. Алматыға– 858, Алматы облысына– 814, Шымкентке– 502, Қостанай облысына– 483, Нұр-Сұлтан қаласына – 402 шетелден отбасымен көшіп келген адамдар тұрақтапты.