Қазақстанның азық-түлік өнімдері Қытайда интернет арқылы саудалануда

0
548

Онда қазақстандық ұн, май, шоколад, құрғақ сүт, бал сияқты тауарлар самсап тұр.


Қазақстанның азық-түлік өнімдері Қытайда интернет арқылы саудалануда

ERNUR.KZ. Былтыр Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерінің Қытайға экспорты 2019 жылмен салыстырғанда 9 процентке өсті. Қазір көрші елге 800-ден аса қазақстандық өнеркәсіп өз тауарын экспорттай алады, деп жазады 24.kz.

Бірақ Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қытайлық компаниялардың етке, майға және тұзға сұранысы Қазақстанның мүмкіндігінен 4 есе жоғары. Отандық шағын және орта бизнестің басты экспорттық мәселесі өндіріс көлемінің аздығында. Оның үстіне індеттен Қытайға өнім жеткізу де біршама қиындаған. Қытай дүкендерінде қазақстандық тауарларды кездеспегенімен электронды платформа арқылы жұмыс істейтін сауда желілерінен табуға болады. Онда мысалы қазақстандық ұн, май, шоколад, құрғақ сүт, бал сияқты тауарлар самсап тұр.

- Екінші рет алып тұрмын. Өнімнің де, қызмет көрсетудің де сапасы өте жақсы. Бұл дүкеннен тауар алуға кеңес беремін. - Тауарды үнемі осы жерден аламын. Мысалы, мынау отбасыңызға өте пайдалы тағам.

Қытай нарығына кіру үшін өнеркәсіп алдымен лицензия алуы тиіс. Бұны осы елдің кеден қызметі береді. Осы үшін тараптар арнайы хаттамаға қол қойған. Қытайға ауылшауаруашылық өнімдерін шикізат күйінде де, дайын түрінде де жеткізуге болады.

Сергей Салманов, «KazakhExport ЭСК» АҚ-ның Қытайдағы өкілі:

- Экспорттаушы компания лицензия алған соң Қытайда өнім экспорттаушы бірлестіктер тізіміне енгізіледі. Яғни оның телефон номері, мекен-жайы сынды мәліметтер автоматты түрде барлық тарапқа белгілі болады. Экспорттаушылар да түрлі көрмелерге қатысып жергілікті бірлестіктермен байланысты барынша тиімді орнатуға күш салады.

Қытайлық импорттаушылардың айтуынша, қазақстандық өнімдер экологиялық таза әрі сапасы жоғары. Бірақ оларды үздіксіз тасымалдауда қиындықтар туындап отырады. Сондықтан экспорттаушы ұзақ мерзімді бизнеске дайын болуы тиіс.

Лю Кайвэнь, China City Development Group компаниясының президенті:

- Қазақстанда өнімді сатып алу жөніндегі ақпараттық жүйе дұрыс жолға қойылмаған. Бұл ауыл шаруашылығында өте маңызды. Мәселен, біздің мәліметтер үнемі сәйкес келе бермейді. Инспекция, санитарлық бақылау, кедендік рәсімдер сынды істерде де бірыңғай механизм жетіспейді. Трансшекаралық сауда жүйесі толық емес. Салдарынан уақыт жоғалтамыз, операциялық шығын көбейеді.

Пандемия саудаға кері әсерін тигізді. Былтыр Қытайда вирустың мұздатылған өнім арқылы таралуы жиі тіркелді. Бірқатар елден тауар импорты шектеліп, Қазақстаннан ет тасымалдау тұралап қалды. Өзге тауарларды да жеткізу қиындады.

Сергей Салманов, «KazakhExport ЭСК» АҚ-ның Қытайдағы өкілі:

- Өткен жылдың қараша айынан бері Қытайда жүк көліктерімен жеткізілетін тауарларды қабылдау тоқтады. Көлік бекеттері жабылды. Қазір тауарды Қытайға көлікпен жеткізе алмайсың. Бұл үлкен мәселе. Себебі компаниялардың көбі тауарларын шекараға дейін көлікпен жеткізіп, сол жерде басқа көлікке немесе вагондарға тиеп тасымалдауға үйреніп қалған.

Тауар Қытайға жеткізілген соң оны ары қарай нарықта сату бар. Бұл жерде бәсекелестікке төтеп беру үшін маркетинг сауатты жүргізілуі тиіс. Яғни жарнама мен тауарды онлайн платформада жылжытуды жолға қою маңызды.

Антон Мирзоян, «Алтын Азия» халықаралық сауда компаниясының директоры:

- Эспорттаушылардың көбі контрагентті жақсылап зерттей бермейді. Мысалы, компанияның тарихын, қай жерде құрылғанын, қалай жұмыс жасайтынын қарау керек. Бұдан бөлек сатып алушылар келісілген тауардан бас тартып жататын кездер болады. Мұның барлығын алдын ала қарастырып, ескеру қажет. Қытай ішкі тұтынуға көп көңіл бөледі.

Тұрғындардың тауарды көптеп сатып алуына жағдай жасайды. Осы ретте мамандар экспорттаушыларға өз тауарын электронды сауда арқылы сатуға кеңес береді.