Қазақстанның барлық аймақтарында тегін қазақ тілі клубтарын аштық - Максим Рожин

0
955

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті, журналист Максим Рожин Қазақстан Халқы Ассамблеясы сессиясында алдағы уақытта қазақ тілін дамыту керектігін айтып, бірқатар ұсыныстар білдірді.


Қазақстанның барлық аймақтарында тегін қазақ тілі клубтарын аштық - Максим Рожин

ERNUR.KZ. Сондай-ақ барлық өңірде "Сөзуар" сөйлесу клубтарын ашып, тілді меңгеруге ниетті азаматтарға көмек беріп жатқанын жеткізді, деп жазады Stan.kz.

Максим Рожиннің айтуынша, біздің елде, өз тілін құрметтеуге де, кез-келген тілді үйренуге барлық жағдай жасалған. Еліміздегі барлық этностардың тілі мен мәдениетін дамытуға барлық мүмкіндікті мемлекет жасап отыр.

“Мен бір нәрсеге айқын сенемін! Ол – ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы зор. Өзінің болашағын туған еліміз – Қазақстанмен байланыстыратын әрбір қазақстандық үшін еліміздің мәдениеті, тарихы және тілі бірдей құнды болу керек! Құндылықтың біреуін ғана ұнатып, ал біреуін елемеу – бірліктің белгісі емес”, – деді ол.

Сондай-ақ ол кейбір шетелдік саясаткерлердің орыс немесе басқа тілге қатысты фобиялары туралы айтқандарына ашулы екенін жеткізді.

“Мені, орыс текті қазақстандық ретінде, осындай репликалар мазалайды, мен бұны еліміздегі нақты жағдайды қасақана бұрмалау деп санаймын”, – дейді журналист.

Бұнымен қоса ол Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы арқылы тілге арналған "Көрнекі" жоба бастағандарын айтты.

“Оның мақсаты "Көрнекі ақпарат туралы" Заңның талаптарын шағын және орта бизнеске түсіндіріп жүрміз, орындауға көмектесеміз. Сонымен қатар Қазақстан Халқы ассамблеясымен бірге барлық өңірде "Сөзуар" сөйлесу клубтарын ашып, тілді меңгеруге ниетті азаматтарға көмек беріп жатырмыз”, – деді Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті.

Сонымен қатар, журналист қоғам қазақ тіліне көшіп жатқанда бұл талап мемлекеттік қызметкерлер үшін де күшею керек деп санайтынын атап өтті.

“Себебі қазақ тілі қазір – қоғамның негізгі қолданыс тіліне айналып келеді. Қоғамның талабы да сол! Мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілінен тапсыратын емтиханның нәтижесі есепке алынуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік тілде шығатын балалар контентіне көбірек назар аударуымыз керек”, – дейді Максим Рожин.