​Қазақстанның сыртқы саудасы қайта қалпына келе бастады

0
1 044

Биылғы жылдың қаңтар- мамырында еліміздің жалпы сыртқы саудасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53.6%-ға өскен.


​Қазақстанның сыртқы саудасы қайта қалпына келе бастады

иллюстрациялық фото

Еліміздің сыртқы саудасы 2015-2016 жалдардағы құлдыраудан кейін қайта жандануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұған мына цифрлар дәлел бола алады: биылғы жылдың қаңтар- мамырында еліміздің жалпы сыртқы саудасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53.6%-ға өсіп, 41.4 млрд теңгені құрады (экспорт 31.3 млрд +68.9%, импорт 10.1 млрд +19.9%). Бұған мұнайгаз нарығындағы бағалардың қымбаттауы және экспорт көлемінің артуы себеп болды. Айталық, 2021 жылдан бастап энергия тасымалдаушылардан түсетін экспорттық табыстар қайта қалпына келе бастады. Мысалы, Brent маркалы мұнай бағасының бір баррелі 100 АҚШ долларына дейін өсті.

Дегенмен сыртқы сауданың көлемі 2012-2014 жылдарға қарағанда әлі де төмен. Еске саламыз, 2013 жылдың қаңтар-мамырында Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 55.9 млрд теңгені (экспорт - 44.4 млрд, импорт - 11.5 млрд) құраған болатын.
"Қазақстан сыртқа негізінен төменгі шектегі тауарларды шығарады. Яғни олар өңделуі қарапайым, әлі де өндіріске жіберілетін шикізатты тауарлар. Бұл өнімдердің қатары әрқалай. Мысалы, биылғы жылдың қаңтар-мамырында өнімдердің 71 түрі сыртқа шығарылыпты. Алайда негізгі табыс отын-энергетикалық тауарлардан және металдардан түсуде (сәйкесінше 69.2% және 13.7%). Солардың ішінде сыртқа шығарған минералды ресурстарының бағасы 23.2 млрд долларды құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен (12.8 млрд) салыстырғанда 81.3%-ға жоғары", - дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Аят Сұрағанов.
Оның айтуынша еліміздің негізгі экспорттаушы өңірлері: Атырау, Нұр-Сұлтан қалалары және БҚО. Солардың ішінде көш басында Атырау өңірі (13.6 млрд доллар). Ағымдағы жылдың 5 айы ішінде қазақстандық өнімдерді импорттау бойынша Италия Қытайды басып озып, көш басына шықты. Қазақстанның экспорттық құрылымында бұл елдің алар үлесі 18.4%-ды құрайды. Ал Еуропа елдерінің жалпы үлесі ел экспортының 52.8%-ын алып жатыр.
"Елімізге жеткізілетін импорт көлемі де ұлғайды. Бұл ретте тауарларды Қытайдан импорттау - әдеттегідей басқа елдермен салыстырғанда басымдыққа ие (36.6%). Импорт бойынша тауар номенклатурасының кең спектрі қамтылған. Елімізге бәрінен бұрын мына тауарлар енгізілді: дәрі-дәрмектер (610 млн долларға), автокөліктер (481 млн), телефондар (454 млн), есептеуіш техникалар (390 млн), киім-кешектер (343 млн), қосалқы бөлшектер мен жасақтауыштар (300 млн)", - дейді Аят Сұрағанов.
Оның айтуынша импорттық тауарлардың басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан және Алматы облысына жеткізілді (сәйкесінше 50.8%, 9.5% және 8.0%).
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге (ЕЭО) елдеріне экспорттау жалпы сыртқы сауданың бар болғаны 8.6%-ын құрады. Бұл ретте 2022 жылдың 5 айы ішінде экспорт бар болғаны 2.4%-ға ұлғайды. Бұған негізінен Ресей Федерациясына жасалған экспорт есебінен (2.7 млрд доллар) қол жеткізілді.
"Егер алыс шетелдерге аралық тауарларды экспорттауда мұнай басымдыққа ие болса, ЕЭО елдеріне шығарылатын тауарлар қара және түсті металдардан, бастапқы металлургиялық өнімдерден және бидай ұнынан құралған", - деді Jusan Analytics талдаушысы.
Өңірлер тұрғысында импорт едәуір әртараптандырылған. Жалпы импорттың 41%-ы ЕЭО елдеріне тиесілі. Олардың ішінде 38.4%-ы Ресейден импортталады. Ресей Қазақстанның негізгі сауда әріптесі: Ресейден жеткізілетін тауар көлемі 9.7%-ға артып, 6.6 млрд долларды құрады.
Қазақстанның сыртқы саудасы жайлы зерттеу жұмысымен мына сілтеме бойынша толыққанды танысып шығуға болады: