Туризм индустриясы комитеті қажылыққа барушыларға ресми туроператорлардың қызметін пайдалануға кеңес берді.
ERNUR.KZ. Мәдениет және спорт министрлігі алаяқ компанияға алданып, қажылыққа бара алмай қалған қазақстандықтар ісіне қатысты пікір білдірді, деп жазады ulysmedia.kz.
Туризм индустриясы комитеті қажылыққа барушыларға ресми туроператорлардың қызметін пайдалануға кеңес берді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Мекке мен Мәдинаға аттанғалы отырған 50-ге жуық қазақстандық алаяқтықтың құрбаны болған еді.
«Туризм индустриясы комитетіне «Kausar travel» туристік компаниясына қатысты шағымдар түсті. Бұл ретте компанияның туроператорлық қызметіне лицензиясы жоқ. Компания туристік агенттік ретінде тіркелген, сәйкесінше туроператорлық қызметпен айналысуға құқығы жоқ. Сондықтан біз туристердің мүдделерін қорғау және қажетті шараларды қабылдау үшін Ішкі істер министрлігіне және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне хат жібердік. Сондай-ақ, біз туристерді туроператорлардан лицензияның бар екендігін растайтын құжаттарды сұрауға шақырамыз», - деді Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Бекітілген ереже бойынша жыл сайын діни бірлестік пен қабылдаушы ел арасында туроператорлық қызметті жүзеге асыру үшін келісім жасалады. Сондай-ақ діни туризм саласындағы туроператорлардың екінші деңгейлі банкпен ҚР азаматтарының құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің пайдасына жасалған шарты болуы қажет.