Қазіргі кезде банктер арқылы шетел азаматтарына ЖСН берілмейді - министр

0
585

Осы тақырып бойынша маусым айында Мәжіліс депутаттары аталған министрлікке сауал жолдады.


Қазіргі кезде банктер арқылы шетел азаматтарына ЖСН берілмейді - министр

ERNUR.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин екінші деңгейдегі банктер арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру мәселесіне қатысты түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, осы тақырып бойынша маусым айында Мәжіліс депутаттары аталған министрлікке сауал жолдады.

Өз жауабында Б. Мусин 2022 жылғы үшінші тоқсанның аяғында ЖСН алуға өтінім берген Ресей Федерациясы азаматтарының саны елеулі түрде өскенін хабарлады.

Мәселен, 2021 жылы 172 449 өтініш түссе, оның ішінде 14 791-і немесе 8,6% Ресей азаматтарына тиесілі. 2022 жылы 451 314 өтініш болса, соның 280 983-і немесе 59,7% Ресей азаматтары. Ал 2023 жылы 142 581 өтініш тіркеліп, оның ішінде 109 852-сі немесе 61,8% Ресей азаматтарынан келіп түсті.

«Осы орайда жүктемені азайту үшін уәкілетті орган ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің келісімі бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы ЖСН беру жөніндегі уақытша шешім жасалды. Қазіргі кезде екінші деңгейдегі банктер арқылы шетел азаматтарына ЖСН беру жөніндегі қызмет түрі атқарылмайды», - деді министр.

Оның айтуынша, банк филиалдары арқылы аталған кезеңде 5 680 өтініш қабылданып, 4 521 ЖСН берілген. Сонымен қатар, банктер шетелдік азаматтарға ЖСН беру немесе одан бас тарту туралы шешімді өздері қабылдаған жоқ. Мемлекеттік корпорацияның деректері бойынша құжаттарды қабылдау бойынша талаптарды бұзу фактілері анықталмады.

«Бұл ретте ЖСН-нің бар-жоғына қарамастан, шетел азаматын сәйкестендіру оның ұлттық паспорты немесе заңнамада белгіленген өзге де құжат негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, банк карточкасын алған кезде, банк қызметкері клиентті жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша сәйкестендіреді», - деді Бағдат Мусин.

Бұдан бөлек, аталған депутаттық сауалға берген жауабында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали шетел азаматтарына ЖСН беру мемлекеттік қызмет санатына жататынын және оны беру тәртібі тиісті Қағидамен регламенттелген еске салды.

«Екінші деңгейдегі банктердің шетел азаматтарына ЖСН беруі Қағидаларда ескерілмеген», - деді агенттік басшысы.