ҚазҰУ-да Тәуелсіздік күні қарсаңында қысқы бақ ашылды

0
1 641

Іс-шараға қоғам және масс-медиа өкілдері, көрнекті ғалымдар, белгілі түлектер, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.


ҚазҰУ-да Тәуелсіздік күні қарсаңында қысқы бақ ашылды

RNUR.KZ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығы салтанатты түрде атап өтілді. Еліміздің жетекші жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары үшін қысқы бақ пен биге арналған студенттік жаңа залдың ашылуы көпшілікке тосын сый болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Іс-шараға қоғам және масс-медиа өкілдері, көрнекті ғалымдар, белгілі түлектер, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Ректор Ғалым Мұтанов университет ұжымы мен қонақтарды еліміздің басты ұлттық мерекесімен құттықтай отырып, Тәуелсіздік ел көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен сенімді алға жылжып келе жатқан халықтың ең ұлы жетістігі екендігін атап өтті. Елбасының стратегиялық бағыты қазақстанның даму моделінің жеңісін алдын ала айқындап, еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларында түбегейлі өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңі - қоғамдық сананы жаңарту мен рухани жаңғыру. Бұл бағытта біздер үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы басты бағдар.

«Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танымал және халықаралық аренада үлкен роль атқарады. Елдің 27 жылдық Тәуелсіздігі барысында қол жеткізілген жетістіктерде әрбір қазақстандықтың еңбегі, оның ішінде ҚазҰУ ұжымының үлесі де бар. Біз болашаққа сенім артамыз, сондықтан да ел Президентінің идеясын іс жүзіне асыру үшін аянбай бар күшімізді саламыз», - деп атап өтті академик Ғалым Мұтанов.

Сондай-ақ, ол ЖОО-ның жетістіктері мен табыстарына тоқталып, университет ұжымына белсенді атқарған еңбегі үшін және ҚазҰУ мен Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамыту ісіне қосып жатқан үлесі үшін үлкен алғысын білдірді. ҚазҰУ жаһандық ғылыми-білім беру рейтингтерінде қарқынды алға ілгерілеуде екендігі атап өтілді. Халықаралық беделді «QS» рейтингісінде университет әлемнің ең үздік ЖОО-дары арасында 220 орында. Мереке қарсаңында «Academic Ranking of World Universities-European Standard» («ARES») атты беделді еуропалық рейтингісінің зерттеу мәліметі бойынша ҚазҰУ-дың Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында көшбасшылығы мен әлемдік бәсекеге қабілеттілігін дәлелдегені туралы ақпарат ұжым үшін жағымды жаңалық болды. Ол өзінің «АА» көрсеткіштері бойынша еуропалық жетекші университеттердің қатарына кіріп, басқа қазақстандық ЖОО-дың анағұрлым алдында тұр.

Сонымер бірге, ректор ҚазҰУ-дың «Scopus» халықаралық деректер базасына кіретін жоғары рейтингті басылымдарда жарияланған мақалалар саны бойынша Қазақстан көшбасшысы болып танылғандығын атап өтті. БҰҰ, ЮНЕСКО, COMSATS, ИЫҰ, QS және т.б. беделді халықаралық ұйымдар университеттің сенімді серіктестері ретінде ҚазҰУ-да әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өткізуде.

Қазіргі уақытта университетте ғарыш технологияларының кластері қалыптастырылуда. Тәуелсіздік күні қарсаңында Калифорния штатындағы (АҚШ) ғарыш айлағынан Илон Маск «SpaceX» компаниясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары жасаған «Аl-Farabi-2» қазақстандық наноспутникті сәтті ұшырды.

Биылғы жылы 10 мыңнан астам студент ҚазҰУ-ға түсіп, университет оқу гранттарының саны бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасында абсолютті көшбасшы атанды.

Салтанатты шараның барысында үздік оқытушылар мен университет қызметкерлеріне құрмет грамоталары табысталып, ҚазҰУ-дың көркемөнер ұжымы мен ҚР халық әртісі Мұрат Серкебаев жетекшілік жасайтын Алматы қаласы әкімінің оркестрі және де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Серкебаеваның қатысуымен мерекелік концерт өткізілді. Бұл осы кештің тамаша сәтіне айналды.