Заңгер қазақ әйелдеріне ренжулі.
ERNUR.KZ. Қоғамдағы түрлі мәселелерді көтеріп жүрген танымал заңгер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшесіАйгүл Орынбек - әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ әйелдеріне деген ренішін жазды.
Жазбада, қазақ қыз-келіншектерінің жалқауланып бара жатқанын, жеңіл ақша табу жолында, тіпті балаларының мүгедектік үшін алатын жәрдемақысын да сетевойға тығып жіберіп, алданып, көмек сұраған аналар туралы айтып шырылдаған.
"Айтқанның аузы жаман, айтпасыңа тағы болмайды! Биліктегілерді “жемқор” деп күндесек, жеңіл ақша табамын деп миллиондап сетевойға салғандарды не деуге болады? Балаларымның мүгедектік жәрдем ақысын сетевойға құйып жатырмын, деп жылаған ананы көріп, айтарға сөз таппай отырмын! Алданып жүрген кілең қазақ әйелдері, өзге ұлт әйелдері ақылдары көп пе, әлде біздің кейбір қазақ әйелдерінің ақылдары жоқ па? Бастамасы жиырма миллионнан салған,ең аз салғаны 1 миллион! Екі миллион кредит алып, сетевойға құйдым көп балалы анамын, ақшам жоқ, өз өзіме қол жұмсаймын, не істеймін көмек беріңізші- деп жылап хабарласып жатқан бір адам!" - деп жазады заңгер.
Сондай-ақ мемлекеттен алатын жәрдемақы, бел ауырмай келген ақша масылдыққа жетелей ме деп қорқатынын жазған.
"Мемлекеттен алған балалардың жәрдем ақысын сетевойға тығу бұл масылдық па, әлде жеңіл ақша табу жолына үйреніп қалу ма? Белі ауырып таппаған ақшаның қәдірі жоқ демекші, қалай оңай келді, солай оңай жұмсай салуға бола ма? Мемлекеттен алар кезде жер тепкілеп әкімдікті төңкеріп жіберіп аласыздар, ал сетевойға салар кезде неге бір ауыз сол әкімдік, Нұр Отан, Прокуратурадан бір ауыз сұрамайсыздар? " - дейді Айгүл.
"Ақылың өзіңе, басымызды қатырмаш”- деп жазатындар да табылар! Ия менің ақылым өзімде, ақылдарың болмаған соң бастарың қатып, әркімге алданып, көмек сұрап жүрсіңдер! Сол себепті әркім өзінен бастасын, естеріңізді жиып жан жағындағы өзге ұлт әйелдеріне қараңдар! Жалқаулық бойымызға сіңіп кеткені соншалық, есіктің алдына помидор мен бәдірен егуді де қойдық! Сетевойға салған ақшаны, еңбекке сал, бір тиынды екі тиын қыл! Жылап қайыр сұрап жүрген аналарды, көріп өскен балалар қайыршы болмай не болады? Сығандардан еш айырмашылығымыз қалмай бара жатыр, олар көшеден сұраса, біздікілер әкімдіктен сұрайды! - деп жазады Айгүл Орынбек.