Кезекке тұрмай-ақ көмірді үйде күтуге болады

0
1 890

Семейліктер көмір ақысын бөліп төлей алады


Кезекке тұрмай-ақ көмірді үйде күтуге болады

ERNUR.KZ. Семейде қысқа даярлық шаралары қарқын алды. Әсіресе көмір тасымалы мен оны тұтынушыға жеткізу мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Осыған орай Семей жүк тасымалы бөлімшесі және қалалық әкімдік бірлескен әлеуметтік жобаны қолға алды, деп жазады altaynews.kz.

Былтыр көмір мәселесі күрделі болғаны аян. Қатты отын түсірілетін желілерде ұзын-сонар кезек туындап, алыпсатарлар көмірдің бағасын аспандатып жіберген еді. Осы келеңсіздікті болдырмау үшін биыл жауаптылар ерте қамдана бастады. Қалалық әкімдік пен көмір саудалаушы «Жігер» ЖШС арасында арнайы келісім жасалыпты. Бұл – бағаны шарықтатып жіберетін делдалдар мен алыпсатарлардың жолын кесуге бағытталған амал. Аталмыш шара жеке сектор тұрғындары үшін тиімді болады деп күтілуде. Мысалы, мекеме қызметкерлері көмірге алдын ала өтініш беріп, ақысын келер айдың жалақасынан бөліп төлей алады. Жобаның негізгі басымдылығы осыда.

Бұған қоса түн ортасынан басталатын кезекте тұру, дүрбелең мен жаға жыртысу атымен жоқ. Тұтынушы қысқы отынды үйінде күтеді. Егер тауар көңілінен шықпаса, ауыстыруға не алмауға да құқылы. Көмір ақысы екі немесе үш ай мерзімге бухгалтерия арқылы бөлініп ұсталынады екен.

-Бұл әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар үшін тиімді. Анығын айтқанда, жалақысы 100 мың теңгеден төмен қызметкерлер көмір бағасын екі айға бөліп төлесе, 60 мың теңгеден төмен алатындар үш айға бөле алады. Яғни, кірісі төмен жандар үшін қолайлы. Сондай-ақ, көпбалалы жанұялар, мүгедек балалары барлар мен жалғызбасты аналар үшін де елеулі жеңілдік, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Марлен Көкірекбаев.

Әлеуметтік жобаның тағы бір жетістігі, тұтынушыға арнайы түбіртек беріледі екен. Ол өз кезегінде таразыдан «жеу» сынды олқылықтарды болдырмайды.

Ел аузында «бюджеттік көмір» аталынған осы жобаға қызығушылық білдіргендердің қарасы қалың. Әзірге жаңашыл бастаманың игілігін қалалық жұмыспен қамту, білім бөлімі, сол секілді басқада бөлімдер мен мекемелер көруде. Сонымен қатар, теміржолшылардың өздері де осынау жеңілдікті пайдаланып келеді.

Қыркүйек айындағы 5 күнгі көрсеткіш бойынша Семей ЖТ бөлімшесінен 126 адам әлеуметтік көмірге өтініш беріпті. Бұл 616,5 тонна отынды құрап отыр. Тізім күн сайын өзгеріп, толығып отырады екен.

Қазір көмір тасымалы мен оны тұтынушыға жеткізу ісі қатаң бақылауға алынған сыңайлы. Қара отын түсірілетін тұйық желілерге аптасына екі рет тексеру жұмыстары жүргізілуде. Семейде мұндай үш орын бар.

Қыркүйек айындағы жағдайға сәйкес, Қаражыра кенішінен осы күнге дейін 6 млн 832 мың тонна қатты отын тиелді. Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 890, 7 мың тоннаға көп. Соның есебінен биыл көмір жеткізудің үлес салмағы 65 пайызды құраған. Жыл соңына қарай бұл межені 8 млн. тонна көмірге дейін жеткізу көзделіп отыр.