Премьер-министр Батыс Қазақстан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің жұмысын сынға алды.
Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, бірінші кезекте облыстың шешілмеген басты мәселелерінің бірі – жол мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
"Ғали Нәжімеденұлы, осыдан тура бір жыл бұрын дәл осы салаға жауапты орынбасарыңыз Президенттің тапсырмасымен қызметінен босатылған еді. Бір жыл өтсе де, проблема әлі шешілмеген. Өңірдің проблемалары тез әрі тиімді шешілуі үшін үнемі Президент араласып, тапсырма беруі қажет пе?" — деді Әлихан Смайылов.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев жолдардың нашар жай-күйінің негізгі себебі қаржыландырудың жеткіліксіздігімен және пандемияның әсерімен байланысты екенін атап өтті.
Өткен жылы жергілікті маңызы бар 330 шақырым жол жөнделді. Облыс орталығын Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарымен байланыстыратын автожолды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл бұл мақсатқа 15 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін жергілікті жолдардың нормативтік жағдайын қазіргі 39%-дан 46%-ға дейін көтеру;
Энергетика министрлігіне: Батыс Қазақстан облысын тұрғындар үшін қолайлы бағадағы тауарлық газдың қосымша көлемімен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру;
Орал жылу электр орталығын реконструкциялау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін пысықтау;
1 шілдеге дейін облыс аумағында газ-химия кешенін құру және оны шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау;
Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері және әкімдікпен бірлесіп, өңірдегі тозығы жеткен электр желілерін азайту мәселесін пысықтау тапсырылды.