Мәслихат өкілдері қаңтар оқиғасынан кейін жергілікті билік толығымен сенімнен айырылғанын мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Семей қаласында үш мәслихат депутаты өз өкілеттігін тоқтатуға шешім қабылдады. Екеуі Nur Otan партиясынан шығатынын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Қайрат Смағұлов, Дулат Қажмұханбет пен Айдос Қисаменов депутаттық институт пен партияның әрекетсіздігінен көңіліміз қалды деп отыр.
"Біздің қалада мәртебелі депутаттық лауазымның артында көзбояушылық тұрғанын түсіндім. Партия филиалы болсын, депутаттық корпус болсын, бәрінде сол жағдай. Бірақ уақыт өте келе жағдайым қиындай түсті. Өйткені тым белсенді болдым. Ал қоғамда көтерілген әлеуметтік мәселелерді қолдағаным үшін партиялық жауапкершіліке тартылдым", - деп жазды Қисаменов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол депутат болған бір жылдың ішінде жұмыстан ешбір ләззат алмағанын жеткізді. Ал қаңтар оқиғасы кезінде жергілікті билік пен Nur Otan партиясының филиалы сенімнен айырылған, өңір басшылығы да қол қусырып отырған.
"Біз осы оқиғаны бірде-бір рет талқылаған жоқпыз. Менің депутаттық институттан көңілім қалды, жауапты кезеңде партия филиалының әрекетсіз отырғаны да дұрыс емес. Сайлаушылардың сенімінен біржола айырылдық! Мен Nur Otan партиясының қатарынан шығатынымды жариялаймын және депутаттық өкілеттігімді тоқтатамын ", – деп атап өтті Қисаменов.
Мәслихат депутаты Дулат Қажмұханбет әріптесін қолдады. Ол да белсенді адамдарға қысым жасалатынын мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, қала басшылығына да, Nur Otan-ды аймақтық деңгейде басқаратын облыстық басшылыққа да тәуелсіз әрі өз көзқарасы бар мәслихат депутаттары қажет емес екен. Соған көзім жетті. Оларға жуас және облыс әкімінің командасымен уақытында қол көтере салатын адамдар керек. Ал белсенді қөзқарастағы адамдарды қудалады, қоқан-лоқы жасады, кемсітіп, құқықтарын шектеді, ашық күрес арқылы партия қатарынан шығаруға тырысты", - деп жазды Қажмұханбет өзінің Facebook парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, "адамдар өтірік пен екіжүзділіктен шаршаған".
"Бүгін өз ауданымда бастауыш партия ұйымының жиналысын өткізіп, шешімімді жарияладым. Бір қызығы, ұйым мүшелері қолдау жасап, менің артымнан еруге ниет білдірді. Депутаттық институттан көңілім қалды, партиядан көңілім қалды. Партиядан шығып, депутаттық өкілеттігімді тоқтататынымды ресми түрде жариялаймын!", - дейді Қажмұханбет.
Ал депутат Қайрат Смағұлов - "Ауыл" партиясының мүшесі. Ол партбилеттен бас тартқан жоқ. Бірақ Семей қаласы мәслихатынан шығып кетті.
"Семей қаласы мәслихатының депутаты өкілеттігін тоқтату туралы арыз жаздым. Саяси өзгеріс болмай, елдің тиімді экономикалық дамуы да іске аспайды деп санаймын", − деді ол.
Айта кетері, мәслихаттың VII шақырылымы өз жұмысын бастағалы бері төрт депутат өз еркімен өкілеттігін тоқтатты. 2021 жылы шілде айында Арман Машимов бірінші болып өз мандатын тапсырды. Оның айтуынша, мәслихат аппаратының енжарлығы тиімді жұмысқа жасауға кедергі жасаған.
Nur Otan-ның қалалық, облыстық және орталық аппараты, сондай-ақ Семей мен Шығыс Қазақстан облыстық әкімдіктері әзірге депутаттардың жаппай кетуіне қатысты пікір білдірмей отыр.