Мемориалдық кешендi көруге, мінәжат етуге жыл сайын елiмiздiң түпкiр-түпкiрiнен жүздеген адам, көптеген шетелдiк қонақтар келедi.
ERNUR.KZ. СҚО-да 25 нысан киелі жерлер тізіміне енген, оның 8-інің республикалық маңызы бар. Былтыр бірқатарына жөндеу жұмысы жүргізілді, деп жазады ҚазАқпарат.
Айыртау ауданында орналасқан Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Ботай қонысы, Сырымбет усадьбасы, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені, Жамбыл ауданы Благовещенка ауылында орналасқан Қожаберген жыраудың кесенесі, Абылай ханның үзеңгілес серігі Құлсары батырдың кесенесі, Тайынша ауданының Озерное ауылындағы «Қазақстан жұлдызы» алтары - бұларды СҚО әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының порталындағы «Киелі жерлер бойынша 3D турлар» жобасынан көруге болады.
17 ғасырда Есiм ханның тұсында өмір сүрген, шапырашты руынан атақты Қарасай және арғын руынан шыққан Ағынтай батырлардың екеуi де Құлшынбай төбесiнде жерленген. 1999 жылы жауынгерлер жерленген биiк төбеге кесенесiмен мемориалдық кешен салынды. Конус тәрiздi 16 метрлiк мұнараларды олардың арасында орналасқан мешiт қосады.
Мемориалдық кешендi көруге, мінәжат етуге жыл сайын елiмiздiң түпкiр-түпкiрiнен жүздеген адам, көптеген шетелдiк қонақтар келедi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та осында екi рет болды.
Қажылыққа келушiлер мен туристер үшiн кесененiң жанында мейманхана салынған. Қарасай батыр есiмi ауыл атына берiлді. Кесенеге жас отау иелерi келедi, осы жерден әскерге, оқуға шығарып салады.
СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, былтыр жалпыұлттық тізімге енген Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде нысанның шатыры толық ауыстырылып, маңайына гранит тас төселді, екі мазардың қаптамасы жаңаланды.
Бұдан басқа Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев музейіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Қасиетті орындарға апаратын 43 шақырым жол күрделі жөнделді.
Жалпы, СҚО-да киелі жерлерді көпшілікке таныту, анықтап, оларды аббаттандыру жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. Мамандардың айтуынша, киелі жерлер картасына археология және сәулет ескерткіштерін ғана емес, табиғи нысандарды да енгізу жоспарланған.