Кінәлілер анықталады: Тоқаев мәлімдеме жасады

0
850

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке арнайы комиссия құрып, кінәлілерді анықтауды тапсырды.


Кінәлілер анықталады: Тоқаев мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың басым бөлігінде жарықтың сөніп қалуына әкеп соқтырған апатты жағдайға байланысты үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды, деп жазады sputniknews.kz.

Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбукте хабарлады.

Комиссияға вице-премьер Роман Скляр төрағалық етеді.

"Комиссия мұқият зерттеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, қажет болған жағдайда істі құқық қорғау органдарына өткізеді", - деп жазды Уәли.

Сондай-ақ, президент үкімет пен Нұр-Сұлтан әкімдігінен алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

Нұр-Сұлтан қалай жарықсыз қалды?

Елорданың сол жағалауы кешеден бері жарықсыз отыр. Оған "Левобережная" қосалқы станциясындағы авария себеп болған. Апат 10 қарашаға қараған түні сағат екіде басталды. Белгілі болғандай, станцияның қосалқы каналынан өрт шыққан. Өрт сөндіру бригадаларын тоқ соқпауы үшін кабель желісіне қосылған тұтынушылар тоқтан ажыратылды.

Апат салдарынан сол жағалаудағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар, соның ішінде Ақорда, Nur Otan, үкімет, сенат пен мәжіліс, министрліктер үйі, Жоғарғы сот жарықсыз қалды.

11 қараша күні таңертең қала билігі апат салдары жойылып, үйлер мен әкімшілік ғимараттарға жарық берілгенін хабарлады. Алайда желі қолданушыларының жазуынша, жарық бәріне бірдей қосылмаған. Қазір тиісті жұмыстар жүріп жатыр.