Шаруа өз құқығын қорғау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының заңгерлеріне жүгінген.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған несиеге салық салынған. Сырдария ауданында кәсіпкер Әскербек Ермағанбетов мемлекеттік бағдарлама бойынша жылдық екі жарым пайызбен бес миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Біраз уақыттан кейін шаруа иесіне аудандық мемлекеттік кірістер басқармасынан аталған бес миллион теңгеден салық төлеу керектігі туралы хат келеді. Хат авторларының айтуынша, жеңілдетілген несие салық төленуі тиіс табыс ретінде саналады, деп жазады sputnik.kz.
Әскербек Ермағанбетов ол ақшаға жылқы сатып алған, ол ауыл шаруашылығымен айналысады.
"Шенеуніктер несие сомасынан салық төлеуге бір ай уақыт береміз, әйтпесе есепшотты бұғаттаймыз деп ескертті", - дейді қызылордалық кәсіпкер.
Ер адам кәсіби заңгерлерден көмек сұрау үшін Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Палатаның сұрауы бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Гүлсара Қарымсақова мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған несиелер табыс ретінде саналмайтынын, сондықтан бұл ақшаға салық салынбайтынын түсіндірді. Яғни, Ермағанбетовке хат қателікпен жолданған.
"Мұндай қателіктердің қайталанбауы маңызды. Себебі кәсіпкерлік мақсатында несие алып жатқан азаматтар көп", - дейді осы оқиғаға қатысты Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық.
Мысалы, "Жастарды шағын несиелендіру" бағдарламасы аясында облыстың 274 тұрғыны жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге несие алды. Осы жоба бойынша несиелендіруге қосымша бір миллиард теңге бөлінген.
Сондай-ақ, биыл басталған "Ауыл аманаты" жобасы бойынша Қызылорда облысына үш миллиард теңге бөлінді. Бұл кәсіпкерлік бастамасы бар жүздеген тұрғынға берілетін жеңілдетілген несиелер.