"Кірпіштер сынған": Өскеменде жаңа салынған үйдің қабырғасы жарылған (видео)

0
847

Тұрғындардар бұған дейін де үй құрылысына қатысты түрлі шағым айтқан, алайда оларға ешкім құлақ аспаған.


Желіде Өскемен қаласындағы Бауыржан Момышұлы көшесі №14 үйдің видеосы тарап жатыр. Видеода жаңадан салынған үйдің қирап жатқаны көрсетілген. Яғни төртінші және бесінші қабаттағы қабырға жарыла бастаған, деп жазады Tengrinews.kz.

Видеода болған жайтқа қатысты ер адам пікір білдіріп жатыр.

"Сыртқы қабырға жарылды. Түнде 04:30 шамасында қапталдар қысылып қалған. Кірпіштері сынған...", - дейді видео авторы.

Тұрғындардың сөзінше, олар бұған дейін де үй құрылысына қатысты түрлі шағым айтқан, алайда оларға ешкім құлақ аспаған.

"Біз прокуратураға, қалалық әкімдікке бардық. Былтыр қыста күн суып кеткен кезде отбасымызбен туыстарымыздың үйіне баруымызға тура келді, себебі балалар жаурап, ауырып қалды", - дейді тұрғын Айнұр.

Оның айтуынша, үйді ипотека арқылы алған, ай сайынғы төлемін төлеп тұрады.

Өскемен қаласының құрылыс бөлімі Бауыржан Момышұлы атындағы көшеде орналасқан №14 үйді Қазақстан ипотекалық компаниясы салғанын хабарлады. Сондықтан құрылысқа қатысты мәселелерді сол компания шешуі қажет екен.

"Кепілдік міндеттемелер шарты бойынша олар пайдалану барысында анықталған барлық кемшілікті жоюға міндетті. Бүгінде компания өкілін іздеу жұмысы жүргізіліп жатыр, бұрынғы басшы жұмыстан босатылды", - деді Өскемен әкімдігінің өкілдері.