Кітапханашылар педагог кадрлар санатына енгізілуі мүмкін

0
764

Олардың еңбекақысын көтеру мәселесі де талқылануда.


Кітапханашылар педагог кадрлар санатына енгізілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Кітапханашылардың мәртебесін көтеруге екпін қойылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатырмыз. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастаманы көтердік. Кітапхана заманауи жабдықталып, бала үшін ыңғайлы әрі қызықты болуы керек. Оқушы онда кітап оқумен қатар, нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игере алуы қажет» - деді министр.

Сонымен қатар ол көптеген мектеп кітапханаларының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейтінін айтты.

«Қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, біз алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты, көркем әдебиеттің электронды нұсқаларын интернет және мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді ету қажет. Мұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Олардың авторларымен бірігіп жұмыс істемекпіз. Сондай-ақ, біз геймификация элементтерін қолдануды жоспарлап отырмыз. Мен атап өткен міндеттерді шешу тек мектептердің ғана емес, сонымен қатар ата-аналардың да уақытын және күш-жігерін талап етеді. Сондықтан бұл жұмысты олар қолдайды деп үміттенемін», - деді А. Аймағамбетов.

«Оқу – біздің балаларымыздың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Біріміз кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Арамызда кітап оқып, демалатындар да бар. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту маңызды. Оқу ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі, жалпы, адамды тәрбиелейді және рухани байытады», - деді министр.