Қоғамды дүрліктірген 89-бап: Бекболат Тілеуханды депутаттар қолдамады

0
843

Аталған бап сарапшылармен, жұртшылықпен және медицина қауымдастығының өкілдерімен жан-жақты талқыланғанған.


Қоғамды дүрліктірген 89-бап: Бекболат Тілеуханды депутаттар қолдамады

ERNUR.KZ. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексі жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп жазады baq.kz.

Депутат Зәуреш Аманжолованың айтуынша, қорытынды салыстырмалы кестеге қабылданған 717 түзету енген. Екі түзету қабылданған жоқ.

Аталған екі түзетудің біріншісі профилактикалық екпелерді жүргізу бойынша пункте "міндетті" сөзін "құқылы" деген сөзге ауыстыруға қатысты болды.
Әріптесіміз Бекболат Тілеуханның " Профилактикалық екпе салу" 89-бабы 1-тармағында "міндетті" сөзін "құқылы" сөзіне ауыстыру бойынша, ал екінші түзету екпе егілмеген балаларға балабақшаға баруға тыйым салатын норманы алып тастау бойынша түзетулері қабылданбады – деді Зәуреш Аманжолова.

Оның айтуынша, аталған бап сарапшылармен, жұртшылықпен және медицина қауымдастығының өкілдерімен жан-жақты талқыланғанған.
Халықаралық тәжірибе де зерделенді. Нәтижесінде, барлық екпелер міндетті және ерікті болып нақты бөлінеді, ал балалардың балабақшаға баруы осы ұйымдағы "ұжымдық иммунитеттің" деңгейіне қарай жүзеге асырылады деген шешім қабылданды, - дейді депутат.

Ал өз кезегінде енгізген екі түзетуді дауысқа қоюды талап етпейтінін жеткізді.
Мен жұмыс тобында айтатынымды айтып қойғанмын. Сайлаушылардың аманатына қиянат жасағаным жоқ. Жалпы вакцина алған адамға ауру жұқпайтын болса, басқаны вакцина алуға мәжбүрлеудің не қажеті бар. Мен осыны түсінбедім. Әлде менің түсінігім саяз ба, білмеймін. Қысқасы, мен мәжбүрлі вакцинацияға қарсымын, балабақшаға қатысты шатағым жоқ, кетсе, кете берсін. Мен мәжбүрлі вакцинацияға қарсы позициямда қаламын, – деді Бекболат Тілеухан.

Дауыс беру кезінде 79 депутаттың 76-сы жаңа заң жобасын жақтап дауыс берді. Бір депутат қарсы болды, ал екі адам қалыс қалды.