Қой 50 мың, сиыр 315 мың теңгеден сатылады

0
1 760

Құрбандыққа шалынатын малдың бағасы қатаң қадағаланады.


Қой 50 мың, сиыр 315 мың теңгеден сатылады

ERNUR.KZ. Елорда әкімдігі мен дін қызметкерлері биыл құрбанға шалынатын қой мен ірі қараның бағасы қанша болады және құрбан шалу рәсімі қай жерде атқарылады деген сауалға жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық даму істері басқармасының діни бірлестіктермен, миссионерлермен және теологиялық оқу орындарымен жұмыс жүргізу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділет Төлеутаев құрбанға шалынатын малдың бағасын қымбатдатпауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Қой мен ірі қараның бағасын шамадан тыс көтертпеуге тырысамыз. Қойдың ең қымбат құны - 40-50 мың теңгенің шамасы болуы мүмкін. Жалпы, қойдың бағасы 20 мың теңгеден басталады. Баға қойдың жасына, күйіне байланысты өзгереді», – деді Әділет Төлеутаев.

Оның мәлімдеуінше, әкімдік бағаны қатаң қадағалайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай Өтпенов ірі қараның бағасы қанша болатынына тоқталды.

«Базар әкімшілігі ірі қараның бағасын 315 мың теңге деп бекітуді ұсынды. Егер 7 адам бірігіп, ірі қара малды құрбандыққа шалуға бекінсе, бір адамға 45 мың теңгеден шығады. Бұл соманың ішіне қасапшылардың малды союы, жіліктеуі кіреді. Біз өз тарапымыздан, мал сатушылардан бағаны қатты қымбаттатпауды сұраймыз. Себебі халыққа қиындық туғызбау керек. Шариғатымызда да солай. Әдейі халыққа қиындық жасауға болмайды», – деді Наурызбай Өтпенов.

Дін қызметкері мал бағасын реттеуге тікелей ықпал ете алмайтындарын айтты.

«Біз нақты талап қоя алмаймыз, тек өтініш білдіреміз», – деді Наурызбай Өтпенов.

Нұр-Сұлтан қаласының 3 ауданында құрбандық шалатын орындар бекітілген екен. Бұл туралы Әділет Төлеутаев: «Қала әкімдігі құрбандық шалатын 7 орын бекітті», – деді.

Сонымен Нұр-Сұлтан қаласындағы құрбандық шалу орындары: Алматы ауданы «Метро» сауда орталығы, Астана-Қарағанды тас жолы. Байқоңыр ауданы «Нұрбереке-555» ЖШС, Алаш тасжолы 30, Рубиком базары мен Әміре сауда үйінің ортасы; «Шаушен» шаруа қожалығы, Астана-Павлодар тасжолының 9- шақырымы; «Темеш» шаруа қожалығы, Астана-Софиевка тасжолының 7- шақырымы. Есжанов жеке кәсібі, «Жайлау», Алаш тасжолы, Ц 313 көшесі; Сарыарқа ауданы «Ұлжан» әмбебап базары (бұрынғы Саянұр). Есіл ауданы «Алтын-Таға» базары Қосшы ауылының алды.

Әділет Төлеутаевтың сөзінше, 5 тамыздан бастап Әзірет Сұлтан мешітінде қасапшыларға семинар өткізіліп жатыр.

«Имамдар шариғат заңы бойынша, ал тиісті мамандар санитарлық нормалар бойынша қасапшыларды оқытып жатыр. Семинар 11 тамызға дейін жалғасады. Бүгінге дейін алдын ала бекітілген мал соятын 7 орынның барлық талапқа сай екендігі анықталды», – деді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Естеріңізге салайық, құрбан айт ораза айт мейрамынан соң, 70 күннен кейін аталып өтеді. Биыл бұл күн 11 тамызға сәйкес келіп тұр.