Марқұмның туыстары мен көршілері полицияны ер адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деп айыптап отыр. Көкшетау әкімі істі жеке бақылауына алды.
ERNUR.KZ. Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр ауылының 30 жастағы тұрғыны өзіне қол салды. Жақында полиция 13 жастағы Әйгерім Хайдарованың із-түссіз жоғалуына байланысты одан куәгер ретінде жауап алған, деп жазады sputniknews.kz.
"27 тамызда Көкшетаудың полиция басқармасына Красный Яр ауылының 30 жастағы тұрғыны өзіне-өзі қол жұмсағаны туралы хабарлама түсті. Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бірінші тармағы бойынша (өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу) сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп мәлімдеді Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнара Пинчук.
Айтуынша, 13 жастағы қызды іздеу барысында 200-ден аса куәгерден жауап алынды.
"Соның ішінде аталған азамат та бар. Оның көлігі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Полиция жауап алғаннан кейін, куәгер анасымен бірге үйіне қайтты. Әйел ұлын полиция басқармасының ғимаратындағы дәлізде күтіп отырған", - деп түсіндірді Пинчук.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу бастады.
"Қылмыстық істі тергеу барысы Ақмола облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деп атап өтті баспасөз қызметінің жетекшісі.
Ақмола облысында он үш жастағы Әйгерім Хайдарова жоғалды
Көкшетау әкімі Амангелді Смайылов та істі жеке бақылауына алды. Қалалық әкімдік Красный Яр ауылында әкімнің орынбасары жүргенін мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде Красный Яр ауылының тұрғындары полицияны Василий есімді жас жігітті өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деп айыптаған видеоролик пен аудиожазба таралып жатыр.
Еске салсақ, 2007 жылғы Әйгерім Хайдарованы осымен жетінші тәулік іздестіріп жатыр. Іздеу жұмыстарына полиция мен еріктілер тартылды, квадрокоптерлер жұмылдырылды. "Lider.kz" еріктілер қозғалысы қыздың мекенжайы туралы шынайы ақпарат үшін 100 мың теңге сыйақы тағайындады. Хабарлаған адамның аты-жөні жария етілмейді.
20 тамыз күні тапа тал түсте қыз шашын бояу үшін Красный Ярдағы шаштаразға кеткен. Салонда өзіне қажет реңк болмаған соң, ол шаштараздан кетіп қалған. Содан бері баланың қайда екені белгісіз.