Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
ERNUR.KZ. Көкшетауда қарияларды асқан зұлымдықпен өлтіріп, үйлерін тонап кеткен қаскөйге қатысты сот үкімі шықты. Қылмыскер 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сот үкімімен қылмыскер ҚР Қылмыстық кодекстің бес бірдей бабы бойынша сотталды.
Естеріңізге сала кетейік, түн ішінде үйге басып кірген белгісіз біреулер көкшетаулық ерлі-зайыпты зейнеткерді аяусыз ұрып өлтіріп, үйдегі қымбат заттарын тонап кеткен.
«Сотталушы В. Достовтың қолдаухатымен қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен өткізілді. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен оған Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-тармағы бойынша тұрғын үйге заңсыз кіргені, 188-баптың 3-тармағы және 24-баптың 3-тармағы бойынша ұрлық жасауға әрекеттенгені, біреудің үйіне заңсыз кіріп мүлкін зорлықпен ұрлау мақсатында тонау, екі зейнеткердіңөлімі және суық қару қолдану баптарымен айыпты деп танылды. Сот үкімімен қорғансыз қарияларды ерекше қатыгездікпен ұрып өлтіргені үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде 25 жылға бас бостандығына айыру жазасы кесілді. Достовтың әрекетінде қауіпті қылмыстық рецидив бар деп танылды», - дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Күләш Домалақова.
Зардап шегуші тараптың пайдасына сотталушыдан 20 миллион теңге мөлшерінде келтірілген моральдық шығын өндіріліп алынды.