Көкшетаулық мұғалім оқушылардың маңдайына "дәптер" деп жазып берді

0
543

​Кейбір ата-аналар мұғалімді қолдап отыр. Олардың пікірінше, ата-ана бала тәрбиесіне назар аударып, мектепке дайындықты бақылауы керек.


Көкшетаулық мұғалім оқушылардың маңдайына

ERNUR.KZ. Көкшетау мектептерінің бірінде мұғалім 12 бірінші сынып оқушысының маңдайына "дәптер" деп жазып берді. Педагог олар дәптерін үйде ұмытпауы үшін осылай істеген, деп жазады sputnik.kz.

Шулы оқиға №13 "Экос" мектебінде дүйсенбі күні алтыншы сабақ кезінде болған.

Мектеп басшылығының ақпаратына сәйкес, мұғалім 1 қыркүйекте жұмысқа қабылданған. Ол үш ай сынақ мерзімінде жұмыс істеп жүрген болатын.

Сабақ барысында 12 оқушы дәптерін үйде ұмытып кеткенін айтқан. Ол балалардың есте сақтау қабілетін жақсарту үшін маңдайларына маркермен немесе қаламмен "дәптер" деп жазып берген.

Мектеп директоры Светлана Ахметжанованың сөзінше, мұғалімнің еңбек өтілі 27 жыл. Болған жағдайды білген соң мектеп әкімшілігі ол кісімен сөйлесіп, жұмыстан шығарған.

Ақмола облысының білім басқармасы оқу орнында қызметтік тексеру жүргізілгенін жеткізді. Ведомство басшысы Көкшетау қаласының білім бөлімінің басшылығы, мектеп директоры және орынбасарымен кеңес өткізді.

"Қазіргі уақытта сыныпта оқу процесі жалғасуда. Балалармен психолог жұмыс істеді, ал ата-аналармен жиналыс өткізді", - деп қорытындылады ведомствода.

Сондай-ақ, кейбір ата-ана мұғалімді жұмыстан шығармауды сұрағаны белгілі болды. Олардың пікірінше, ата-аналар бала тәрбиесіне назар аударып, мектепке дайындықты бақылауы керек.