Көкшетаулықтар вакцинация мен жаңа заңға қарсы шеруге шықты

0
2 388

Облыс әкімдігі мен құқыққорғау органдарының басшылығы наразы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


Көкшетаулықтар вакцинация мен жаңа заңға қарсы шеруге шықты

ERNUR.KZ. Көкшетаулықтар орталық алаңға жиналып, қазақстандықтарды жаппай вакцинациялауға және "Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасына наразылық білдірді, деп жазады Stan.kz.

Видео әлеуметтік желілерде "Көкшетауда митинг өтті" деген тақырыппен таралуда. Кадрлардан 50-ге жуық адам жиналғанын байқауға болады. Видеода ер адам жаңа заң жобасына сәйкес, баланың шағымынан кейін ата-ана құқығынан айыру деген шешіммен келіспейтінін айтты.

Ақмола облысының әкімдігі 25 қаңтарда сағат 11.00-де Көкшетаудағы Тәуелсіздік алаңына адамдар жиналғанын хабарлады. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасына және коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау шарттарына наразылық білдіріп, бейне хабарлама түсіргісі келді.

"Көрсетілген мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бұл кездесуге облыс әкімінің орынбасары, ішкі саясат бөлімінің бастығы, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары және ішкі істер органдарының жетекші звеносы қатысты", - деп түсіндірді Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.