Қоқыс жинаушылар қызметі қымбаттауы мүмкін

0
1 255

Қоқыс жинап, өңдеумен айналысатындар осындай бастама көтерді.


Қоқыс жинаушылар қызметі қымбаттауы мүмкін

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Биыл ғана 5 процентке арзандаған қызмет келер жылы екі есе қымбаттауы мүмкін. Қоқыс жинап, өңдеумен айналысатындар осындай бастама көтеріп отыр. Шығын шаш етектен, ал келген табыс оны жаппақ түгілі, банкротқа итермелеп отыр деп зар илеуде. Екі есе өскен күннің өзінде жағдай уақытша ғана оңалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап тариф барлық аймақтарда жоғарылайды деп күткен едік. Уәкілетті және жергілікті билік өкілдерінің жұмысы арқасында тариф өсімі емес, керісінше, төмендеуі болады" - дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

"Журналистер жынына тиген" Жұманғарин тариф төмендеп, тұрғындар қарық болады деген сәттен бастап, әлі жыл да өткен жоқ. Бұрынғы ұлттық экономика вице-министрі қызметінен кетті. Тариф те бір орында қалмады. Елорданың қоқысын тазалап жүргендер қызмет құнын екі есе өсіруді сұрауда.

"Электроэнергия қымбаттап жатыр. Антимонопольный комитет қарау керек қой негізінде. Қаншалықты жаңағы ол есептелген. Дұрыс па, дұрыс емес пе? Әшейін бәрі көтеріледі дегенге ондай болмауы керек шығар. Бұл жерде қоқысты өңдеу ғой мәселе. Сонда ғой тұрған. Ол одан табыс табатын болса, құнын көтермеуі керек негізінде" - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Уәлихан Қайназаров.

8 жыл бұрын қоқыс шығару құны кісі басына шаққанда 259 теңге болып бекіген. Жыл басында 5 процент, яғни 13 теңгеге арзандаған. Осы аралықта бұған дейін тарифке енбеген қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу қызметі қосылыпты. Шығынды ақтау үшін екі емес, үш есе өсіруді сұрадық дейді компаниядағылар.

"Шынын айтсақ, біз тарифті үш есе өсіруді сұрадық. Екі есе өсімнің өзі бізді құтқармайды. Тек құрдымға кету мерзімін шегереді. Сұрағанымыз орындалса, әлеуметтік наразылық тууы мүмкін еді. Бір жағынан салаға қызығушылық артады. Есептей келе тарифті 246 теңгеден 466 теңгеге дейін өсіруге дайынбыз деп шештік" - дейді "Кazrecycleservices" ЖШС бас директоры Жасұлан Сайқатов.

"2011 жылдан бері тариф өзгерген жоқ. 8 жылда біз көптеп тұтынатын дизельдің жазғы маркасі екі есе, қысқы маркасі үш есе қымбаттады. Жалпы тариф 466 теңге болғанның өзінде тек 83 пайыз шығынымыз өтеледі" - дейді "CLEAN CITY NC" ЖШС бас директоры Дуслан Ахметбеков.

Қызмет көрсетушілердің бұл қылығы біреуге жаққанымен, көпшілікке ұнай қоймады.

Қоқыс өңдейтін зауыт жылына 1,5 млрд теңге табыс табады. Шығын одан да көп деп сендіруде. Оның үстіне тұрғындар 300 млн теңге қарыз дейді. Мейлі. Жағдайға қарап отырып, алдымен 13 теңгеге арзандатып, келер жылы екі есе өсіруді сұрағанға қарап, еріксіз езу тартасың. Бір қадам артқа шегініп, үш қадам алға жасаудың амалы секілді көрінеді.