Салықты онлайн төлеуге болады.
ERNUR.KZ. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 1 сәуірден бастап көлігіңіздің салығын төлемеген болсаңыз, кешіккен әрбір күніңіз үшін айыппұл арқалайсыз, деп жазады Azattyq Rýhy.
2021 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты төлеудің соңғы мерзімі 2022 жылдың 1 сәуірі.
Көлік құралдарына салынатын салықтың сомасын kgd.gov.kz web-порталында және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында орналыстырылған салық калькуляторының көмегімен дербес есептеуге болады.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта салық органдарымен есептелген алдағы төленетін көлік құралдарына салынтын салық сомалары «Каспий банк» АҚ және «Халық банк» АҚ мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарлама түрінде жіберіліп жатыр.
Бұдан басқа, бұл ақпарат kgd.gov.kz web-порталда «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» сервисінде, сондай-ақ «e-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктер «Каспий банк» АҚ және «Халық банк» АҚ қосымшаларында орналастырылатын болады.
Айта кетерлігі, салық төлемегендердің ісі арнайы бұйрық бойынша сот орындаушысының қолына өтеді. Ал олар салық төлемеген азаматтан қарыздың әрбір тиынын, оған қоса өздерінің жұмыс ақысын өндіріп алады. Қарызды қайтару үшін борышкердің мүлкі мен банктегі шотын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қояды. Сонымен қатар, салықтан жалтарған азамат қарапайым банк қызметін де ала алмайды, атап айтқанда, банктен шот ашу, аударым жасау және несие алу мүмкін емес.
«Салық берешегі туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң 1 еселенген АЕК (3 063 теңге) мөлшерінде салық берешегі төленбеген жағдайда, салық органы салық бұйрығын шығарады. Салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде берешек өтелмеген жағдайда, тиісті салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі. Сонымен бірге, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа қосымша жеке тұлғалардан салық берешегі сомасының 25%-на дейін төлем өндіріп алады, шоттарды бұғаттаудан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда», - делінген комитет хабарламасында.